«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Германия қазақстандық бизнеспен экономикалық ынтымақтастықты жаңартуға дайын

2020 жылғы 27 Мамыр
4957 просмотров

Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесінің тең төрағасы Тимур Құлыбаев кеңестің екінші тең төрағасы Нико Варбанофф бастаған неміс әріптестермен онлайн кездесу өткізді. Осыған дейін кеңестің төрағалығында Питер Тильс қызмет атқарған.

Тимур Құлыбаев атқарылған жүмыс үшін Питер Тильске және Қазақстан мен Германия тараптарының елшілері Дәурен Қарипов пен Тило Клиннерге алғыс білдіріп, сондай-ақ Қазақстанның карантиннен шығуы туралы және экономиканың жекелеген салаларында кәсіпкерлер тап болған қиындықтар жайында айтты.

 «Қызмет көрсету саласы: туризм, мейрамхана бизнесі, жолаушылар тасымалы бүгінде ең көп қиындық көрді. Бізге мәжбүрлі карантиннің экономикамызға келтірген зардап ауқымын анықтау қажет болады. Ұлттық палата бизнесті қолдау және дағдарыстан шығу шаралары бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, Үкіметпен диалог жүргізуде», – деді Тимур Құлыбаев.

 «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов неміс әріптестерге ҚР-да бизнесті қолдаудың мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Өз кезегінде Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесінің тең төрағасы Нико Варбанофф өткен жылдың желтоқсан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға барған ресми сапарын жоғары бағалады. Аталған ресми сапар екі елдің ары қарайғы тиімді ынтымақтастығына қосымша серпін берді.

 «COVID-19 вирусы салдарынан жалпы экономикаға жаңа сын-тегеуріндер пайда болды, дәл қазір осындай байланысты нығайту өте өзекті. Өткен аптада біз бейнебайланыс арқылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары және Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесінің тең төрағасы Роман Склярмен кездесу өткіздік. Екіжақты нақты бірлескен жобалар дағдарыстан шығуда өте маңызды. Біз жүк және жолаушылар тасымалы саласындағы күрт төмендеудің куәсі болдық, алайда қазіргі кезде Еуропа және ҚХР арасында тасымалдар көлемі артып келеді, бұл жайт Германия мен Қазақстан ынтымақтастығының әлеуетін арттырады», – деп атап өтті Нико Варбанофф.

Германия экономикасының Шығыс комитетінің бас басқарушы директоры Михаэль Хармс Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесінің тең төрағаларын олардың ынтымақтастықтың нығаюына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, өзінің пікірі бойынша үш негізгі бағытты атады.

«Біріншіден, вирус таралуын болдыртпау тұрғысында пандемияны жақсы еңсеріп жатырмыз. Бір апта көлемінде ауырғандар саны азайып, сәйкесінше өлім саны да төмендеді. Бұл Германия үкіметінің жақсы дайындығын көрсетеді. Екіншіден экономикамыз Екінші дүниежүзілік соғысынан бері терең рецессияны өткеруде. Германия бизнесті қолдауға 1 трлн еуро немесе ГФР-дың ЖІӨ-сынан 30%-ды бөлді. Бұл барлық елдер арасында ең үлкен қолдау. Жұмыс орындарын сақтау мақсатында қаражат барлық субъектілерге бөлу бойынша шешім қабылданды. Үшіншісі ең маңызды. Ынтымақтастықтың барлық салалары: өнеркәсіп, туризм, сауданы қалпына келтіру бойнша бірлескен іс-қимылды әзірлеу керек», – Михаэль Хармс.

Тимур Құлыбаев ынтымақтастықты дамытуда Роман Скляр төрағалығымен жүргізілген үкіметаралық комиссияның жұмысын маңызды деп атап,  Михаэль Хармсты келесі бейнеконференцияда Германия үкіметінің бизнесті қолдау тәжірибесімен кеңірек бөлісуді сұрады.

 «Біз Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесі мен үкіметаралық комиссия қызметін біріктіріп, оның жұмысына белсенді қатысуға дайынбыз. Бұл шара отандық бизнеске неміс кәсіпкерлерді тартуға және мемлекетіміздің дамуына мүмкіндік береді», – деді Тимур Құлыбаев.

 Комитеттің келесі жиыны карантиннің толық шешіліп, халықаралық авиа тасымалдың жаңартылуы жағдайында Нұр-Сұлтан қаласында күзге жоспарланған.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер