«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Алтын сапа» халықаралық стандарттарға сай болуы керек – Президент сыйлықты марапаттау салтанатында

2021 жылғы 07 Желтоқсан
6699 просмотров

Бүгін  Нұр-Сұлтанда еліміздің үздік кәсіпорындарына Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы «Алтын сапа» сыйлығы табысталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлықты еуропалық сапа менеджментінің стандартына сәйкестендіруді тапсырды.

«Мемлекет пен бизнестің міндеті – бәсекеге қабілеттілік пен өнімділікті бірлесіп арттыру, заманауи сапа жүйесін енгізу. Кәсіпорындардағы бизнес-процестердің диагностикасы осы саладағы жаһандық үрдістерге сәйкес келуі керек. Ең алдымен, сөз Индустрия 4.0 элементтерін цифрландыру және пайдалану туралы болып отыр. Осыған байланысты, «Алтын сапа» байқауының талаптарын еуропалық сапаны басқару стандартының жаңа моделіне сәйкес кезең-кезеңмен келтіру қажет. Сіз үздік халықаралық модельдер мен тәжірибелерге сай болуыңыз керек», – деді марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» арнайы сыйлығын премьер-министр Асқар Маминнің қолынан екі қазақстандық кәсіпорын: «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша «YDD Corporation» ЖШС (Қарағанды облысы) және «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша «Агрофирма TNK» ЖШС (Ақмола облысы) алды.

«Агрофирма TNK» ЖШС бас директоры Батырбек Уәлиевтің айтуынша, компания екінші рет беделді марапатқа ие болып отыр.  2016 жылы «Ең үздік агрофирма кәсіпорны» атағын жеңсе,  «Алтын сапа» мүсіншесін алғаш рет алып отыр.

«Бұл – көрші нарықтарға шығу үшін іскерлік байланыс орнатуға көмектесетін мәртебелі марапат. Біздің өнімдерге құзығушылық танытқан елдер біздің сапамызға қызығушылық танытады. Бүгінде компаниялар өнімдерінің 70%-ы экспортқа бағдарланған», – деді Батырбек Уәлиев.

 Бүгінде «Алтын сапа» – кәсіпкерге өз кәсіпорнын бағалау құралы, халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін лидерлермен әлеуетті салыстыру, мықты және осал тұстарды анықтау, қызметті жақсарту бойынша іс-шараларды жоспарлаудың мүмкіндігі.

 «Бүкіл әлемде сапа – бәсекелік артықшылықтарға қол жеткізудің басты факторына айналды. Сапа жолға қойылған өндіріс қана емес, сапа – еңбек ұжымы мен кәсіби мененджмент үйлесімі. Біз кәсіпкерлердің өз өндірісін бағалауға деген ынтасын көріп отырмыз. Бізге байқау тізіміне қоспай, бағалау ғана жүргізуді сұраған өтінімдер жиі келіп түседі. Ең алдымен компаниялар өзін-өзі бағалайды, тоғыз критерий бойынша есеп береді. Содан кейін өңірлік деңгейдегі сарапшылар бағалайды, әрі қарай «Атамекен» ҰКП деңгейінде қаралады. Осыдан кейін финалистер анықталады және сарапшылар кәсіпорынға барады. Сарапшылар компания берген ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін зерттейді. Бұл қазақстандық нарықтағы ең үздіктерді анықтауға көмектеседі», – деді «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова.

15 жыл ішінде конкурсты ұйымдастырушылар 2,5 мыңға жуық өтінім қабылдады, 140-тан астам кәсіпорын өз саласында үздік атаққа ие болды. Сараптамалық комиссия дәстүрлі түрде 200-ден астам үміткердің ішінен үш категория (ірі, орта және шағын бизнес субъектілері) және төрт номинация бойынша 14 бизнес субъектін анықтайды. 

«Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясының лауреаттары «Maker (Мэйкер)» ЖШС (Қарағанды облысы), «БатысМұнайГазЖабдыктары» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы ) және «DOC Co.LTD» (Алматы қаласы) марапатталды.

Maker компаниясының басқарма төрағасы Жәнібек Байғабыловтың айтуынша, биыл зауытқа 80 жыл толады, «Алтын Сапа» – зауыт ұжымы үшін маңызды марапат.

«Біз 2019 жылы Президент сыйлығына қатыстық, бірақ содан кейін біздің зауытқа тек ынталандыру сыйлығы берілді.  2 жыл ішінде көптеген халықаралық, оның ішінде француз, швед серіктестерден сертификаттар алдық. Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстан мен Әзербайжанға экспортқа шықтық.  Ал қазір бұл – екі түрлі зауыт. Біз штат санын ұлғайтпай, өндіріс көлемін 2 есеге арттырып, жаңа технологияларды енгіздік. 2019 жылғы зауыт пен 2021 жылғы зауыт бір-бірінен ерекше, дамыған. үздік, екі түрлі кәсіпорын деп нық сеніммен айта аламын», – деп бөлісті Жәнібек Байғабылов.

2021 жылы «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорындар» «ИНВИТРО-Қазақстан» ЖШС (Алматы қаласы), «ТехноГруппСервис» ЖШС (Қарағанды облысы), «THE CHEF delicatessen» ЖК (Нұр-Сұлтан қаласы) болды.

«Қазақстандықтар біздің зертханаға сынақтарын  сеніммен тапсыра алады. Біз өз зертханаларымызға сенімдіміз, біздің салада біз ұстанатын жоғары сапа стандарттары бар. Сондықтан зертханаларымыз барлық халықаралық стандартты сақтап, конкурсқа қатысушы болғанын өзімізге тағы да дәлелдеуді ұйғардық», –деп бөлісті «ИНВИТРО-Қазақстан» ЖШС бас директоры Фуат Дивеев.

«Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында Алматы облысының «Первый пивзавод» ЖШС, Қызылорда облысының «Абай Дәулет» ЖШС және Жамбыл облысының «Kaz-Ir Agro» ЖШС жеңімпаз атанды.

2021 жылы «Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорындар» болып Батыс Қазақстан облысынан «Кублей» ЖШС, Шымкент қаласынан «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС, сондай-ақ Қызылорда облысынан «Алтын Орда» ЖШС танылды.

Өткен жылдардың жеңімпаздарымен  https://altynsapa.kz/ru/winners_sapa сілтеме арқылы танысуға болады.

Анықтама:
Алғашқы марапаттау рәсімі 2006 жылы өтті. Сол кезде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапа саласындағы жетістіктері үшін алғашқы сыйлықтарды тапсырды, ал «Алтын Сапа» жылдың басты оқиғасы болды. Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорындар: «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүстімет» ӨБ және «Ақтау шыны талшықты құбырлар зауыты» ЖШС атанды. Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын номинациясында «Эл Джи Электроникс Алматы Қазақстан»АҚ және ШОБ өкілі ретінде «Беккер и К» ЖШС жеңіске жетті. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» РМК  «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Төрт жыл бойы сыйлық: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын» және «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» 3 номинация бойынша берілді. 2010 жылдан бастап Елбасы, енді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық серпіліс, инновациялық серпіліс санаттарында «Алтын сапа» арнайы сыйлығын табыстайды. Алғашқы атақтарды индустриялық серпіліс ретінде «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, инновациялар көшбасшысы – «Васильков тау-кен байыту комбинаты» АҚ (Altyntau Resources) алды.

2016 жылы «Атамекен» ҰКП конкурсты ұйымдастырушы болып жарияланды, сол жылы тағы бір номинация пайда болды – азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын, оның алғашқы жеңімпазы «Ордабасы Құс» ЖШС болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер