«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа Салық кодексі – ШҚО-дағы бизнеспен жұмыс істеудің жаңа форматтары

2025 жылғы 02 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
266 просмотров

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін ауқымды өзгерістерге байланысты Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасына салықтық әкімшілендіру мәселелері бойынша бизнес өкілдерінен келіп түсетін өтініштер саны айтарлықтай артты.

«Өзгерістерді жедел түсіндіру және кәсіпкерлерге практикалық көмек көрсету мақсатында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп «Бизнес және салықтар» атты жаңа ақпараттық-түсіндіру жобасын іске қосады. Жоба ай сайын Палатаның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде өтетін болады. Эфир барысында Палата мен салық органдарының мамандары өзекті мәселелерді талқылап, салық заңнамасындағы өзгерістер бойынша түсіндірме беріп, кәсіпкерлердің сұрақтарына нақты уақыт режимінде жауап береді», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директор орынбасары Айжан Жангирханова.

Алғашқы кездесу бизнес субъектілері арасында ең маңызды әрі көп талқыланатын тақырыптардың бірі – арнайы салық режимдерін (АСР) реформалауға арналды.

ҚР жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап арнайы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке дейін қысқарады. Жалпыға бірдей белгіленген режимнен бөлек, салық төлеушілер тек келесі режимдерді қолдана алады:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР;
  • жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР;
  • шаруа (фермер) қожалықтары үшін АСР.

Патент, тіркелген шегерім, бөлшек салық және басқа да кейбір режимдер толықтай жойылады.

Эфир барысында сарапшылар келесі мәселелерге егжей-тегжейлі түсініктеме берді:

  • жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимін кім қолдана алады;
  • рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіне қандай қызметтер енгізілген;
  • қандай міндетті әлеуметтік төлемдер алынатын болады;
  • 2026 жылдан бастап қандай қызмет түрлеріне жеңілдетілген режимді қолдануға тыйым салынады;
  • шаруа және фермер қожалықтары үшін қандай ерекшеліктер сақталады.

Сондай-ақ кірістерді есепке алу, чектерді қалыптастыру және салықтық әрі әлеуметтік міндеттемелерді автоматты түрде есептеу үшін пайдаланылатын арнайы «e-Salyq Business» мобильді қосымшасының жұмысына ерекше назар аударылды.

«Бизнес және салықтар» жобасы алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасады. Әрбір кездесу салық заңнамасындағы өзгерістерге және оны қолданудың практикалық мәселелеріне арналған жеке тақырыпқа арналатын болады.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді эфир анонстарын қадағалап, оларға белсенді түрде қатысуға шақырады. «Бизнес және салықтар» жобасының эфирлерін Facebook желісіндегі «Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы бизнес» парақшасынан көруге болады.

Сондай-ақ эфирлердің астындағы пікірлерде өз сұрақтарыңызды қалдыруға болады – Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік кірістер органдарының мамандары оларға жан-жақты түсініктеме береді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174