«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық кәсіпкер ата кәсіпті жандандырмақ

2019 жылғы 28 Мамыр
- Түркістан облысы
5839 просмотров

Түркістандық түйешілер Ахметовтар отбасы – өңірге етене танымал әулет. Атадан балаға мирас болған кәсіпті бүгінде баласы Нүрсейіт жалғастырып келеді

Іскер азамат кәсіпкерлік білімін шыңдап, мал басын көбейтіп, кәсіпкерлігін шыңдау мақсатында Отырар ауданында «Бастау» жобасының бір айлық курсын тәмәмдады. Тәжрибе мен кәсіпкерлік сауаттылығын арттырған кәсіпкердің ендігі жоспары «Ауыл шарашылығы қаржылай қолдау қоры» арқылы 4 млн теңге қаражат алу. Ол үшін Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының сүйемелдеуімен қажетті құжаттар тапсырып та қойды. Бұл қаражатқа кәсіпкер мал басын көбейтуді көздейді.

«Түйенің ашыған сүтін «Қымыран» дейді, ашытқанын «шұбат» дейміз. Сұраныс жақсы. Кезінде менің әкем осы жерде 100 түйеге дейін баққан. Мен ата кәсіпті жалғастырып, мал басын көбейтуді ойлаудамын. Ол болады, себебі түйенің емдік қасиеті үлкен. Үйімнен келіп әкетіп жатыр. Бір апта бұрын тапсырыс беріп қояды», – дейді кәсіпкер.

Бүгінгі таңда Нүрсейіттің шаруашылығында 20 түйесі бар. Шаруашылықта кәсіпкердің жанұясы жұмыс жасайды. Бұл отбасылық бизнестің тұрақты тұтынушылары да бар. Тіпті сұраныс Шымкент, Алматы қалаларынан да түсіп жатыр. Кәсіпкердің аудан орталығынан ашқан қымыран сататын дүңгіршегі де бар.

Қымыран мен шұбат шипалы ем, нәрлі сусын. Халық оның емдік, қоректік қасиетін көптеген ауруға ем ретінде пайдаланады. Ол қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартады. Жалпы қоректік заттарға өте бай. Мысалы, қымыз құнарлылығы 528 ккал болса, сиырдікі — 660 ккал, ал түйенікі 911 ккалға тең. Яғни бір литр шұбат адам ағзасының дәрумендер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді екен. Сондықтан қазақта той жиын бұл сусынсыз өтпейді.

 «Жобаның түлектері алдарына үлкен мақсаттар қойып, оны қалай бағындыру керектігін білетіндіктері қуантады. Жылдан жылға кәсіпкерлікке бет бұрушылар көбейіп, жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны артуда», –деп атап өтті Отырар ауданы «Бастау» жобасының бизнес тренері Жандос Әзімбай.

Айта кетейік, биылғы жылы Түркістан облысында «Бастау» жобасының алғашқы легін 456 адам кәсіпкерлік негіздерін үйреніп шықса, оның 436-сы өз бизнес жоспарларын сәтті қорғап шықты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер