«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық кәсіпкерлер салық органдарына базыналарын айтты

2019 жылғы 13 Қараша
- Түркістан облысы
7858 просмотров

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы алаңында түркістандық сауда саласындағы кәсіпкерлерге салық салу және кассалық аппараттар орнату мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті

Кездесуге Түркістан қаласы прокуратурасының прокуроры Нарбек Мыктыбаев, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасары Алмас Шаймерденов, мемлекеттік кірістер басқарма басшысы орынбасары Рауан Батырбаев және кәсіпкерлер қатысты.

Қазіргі таңда, салық органдары түркістандық «Жауғашты», «Қуаныш» базарларында сауда-саттықпен айналысып отырған 2 500 жуық жеке кәсіпкердің 60 пайызына салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерлемені қолдану арқылы патент есептілігін жедел түрде тапсыру жөніндегі талаптар қойып, мұнымен қоса, патент есептілігін тек ағымдағы жылға емес 2018 жылға да тапсыруды талап етіп отыр.

Кәсіпкерлер салық органының бұл талабына наразы.

«Салық қызметкерлері жай қағазға ай сайын төлейтін салықтың мөлшерін жазып береді. Бұл қағаздарда мөр немесе қолтаңба жоқ. Осы күнге дейін біз төлеп жүрген салық 1 пайызбен есептелген екен. Енді 2% салық төлеуді талап етуде. Салық органы қызметкерлерінің салық мөлшерін қате есептегенінде біздің қандай кінәміз бар? Біз адал кәсіпкер ретінде уақытылы салық төлеп келеміз»,-дейді кәсіпкерлер.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің сарапшысы Нұрсұлтан Кәрімбаевтың айтуынша, бұл жағдай 1 500-ге жуық кәсіпкерлік субъектінің құқықтары шектеліп, оларды артық шығындарға ұшыратуда. Кейбіреулері, тіпті өз жұмыстарын тоқтату қарсаңында тұр. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын шектеп қоймай, базарлардағы халық көп тұтынатын тауарлар бағасының көтерілуіне де алып келуі мүмкін.

Ал өз кезегінде, салық органдары өкілдері салық сомасы заң талаптарына сай жасалғандығын айтуда.

«Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2020 жылдан бастап сауда саласындағы кәсіпкерлерге патент алып тасталып, оның орнына жеңілдетілген салық режимі енгізіледі. Қазіргі таңда сауда орындарында салық органы арнайы мамандары кәсіпкерлерге салық бойынша құқықтық кеңестер беруде»,- деді Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы орынбасары Рауан Батырбаев.

Қала прокуратурасының прокуроры Нарбек Мықтыбаев салық органдарымен кәсіпкерлер арасында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін, салық органының патент алу жүйесі (онлайн-база) жетілдірілмегенін айтты. Сондай-ақ, салық органы кәсіпкерлерге 2 пайыз мөлшерлемемен патент есептілігін жедел түрде тапсыру жөніндегі талаптары кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын шектейтінін атап өтіп,  әрбір кәсіпкердің патент берешегін жеке есептеу қажеттілігін айтты. 

Жиын соңында бұл мәселені прокуратура, мемлекеттік қызмет істері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменттеріне, құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасына және мемлекеттік кірістер департаментіне өз құзіреттілігі шегінде қарап, кінәлі қызметкерлерге қатысты шара көру үшін жолдауды шешті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер