«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің жиынын өткізді

2020 жылғы 07 Тамыз
3401 просмотров

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының негізгі мәселелері және реттелетін сатып алулар шеңберінде жергілікті қамту мәселелері, сондай-ақ пандемия кезеңінде анағұрлым зардап шеккен салалардағы бизнестің жағдайы қаралды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың мәліметінше, Жобалық кеңсе сауалнамасы деректері бойынша 23 маусымнан бастап 4 тамыз аралығында анағұрлым зардап шеккен салалардағы 55 мыңнан астам кәсіпкер, сауалнамаға қатысушылардың 32%-ы өндірістің тұрып қалуы және табыстың болмауы себепті қызметкерлер штатын оңтайландыруға кіріскендерін айтқан, бұл жайт еңбек нарығына қысым жасау бойынша тәуекел әкеледі.

Сауалнамаға қатысқандардың 27%-ы өз қарыздарын өтеуге мүмкіндіктерінің болмауын алға тартқан, және 20%-дан астамы қызметкерлерге еңбекақы төлеу, жалдау құны, коммуналдық төлемдерді төлеуге қаражаттың болмауын белгілеген.

«Сауалнамаға қатысқан әр төртінші кәсіпкер табыстың мүлдем болмауын айтты. Ойын-сауық және демалыс, туризм, білім беру, қоғамдық тамақтану, халыққа қызмет көрсету салаларында ахуал ауыр», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

23 маусымнан бастап 4 тамыз аралығында Жобалық кеңсенің Жедел штабына экономиканың 16-дан астам саласында жұмыс істейтін бизнестен 4 258 түйткілді мәселе келіп түсті. Түйткілді мәселелердің басым бөлігі сауда саласына (38%), халыққа тұрмыстық және басқа да қызмет көрсету саласына  (21%) тиесілі. Мәселелер қызметті шектеу, сұраныс пен табыстың төмендеуі, несиелік міндеттемелерді төлеу бойынша мәселелерге қатысты.

Абылай Мырзахметов бизнесті толғандыратын мәселелер, атап айтқанда, кәсіпкерлік қызметті кезең-кезеңімен қалпына келтіру, несие бойынша кейінге қалдырылған төлемдер туралы, сондай-ақ ШОБ үшін салықтан босатуға қатысты Үкімет тарапынан шұғыл кері байланыстың болуын атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин атқарылып жатқан жұмыстың маңызын атап өтіп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне екі апта ішінде ең көп зардап шеккен салалардағы бизнесті әрі қарай қолдау бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске асыру бойынша  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдайға сәйкес екінші деңгейлі банктер мен Аграрлық несие корпорациясы 504,2 млрд теңгеге 2 201 жобаны мақұлдағанын айтты. Осы ретте 292,5 млрд теңгеге 1 628 жоба субсидияланған.

«Бүгінде несиелеудегі негізгі кедергілер екінші деңгейлі банктердің пандемия салдарынан сұраныстың төмендеу және нарықтағы белгісіздіктің салдарынан  нақты секторды несиелеуге дайын болмауы», – деп атап өтті Роман Скляр.

ҚР Премьер-Министрі орынбасарының айтуынша, ағымдағы жағдайда бизнес карантиннен кейін жұмысты жаңарту үшін қаражат айналымы мен қуаттылықты қосымша жүктеуге мұқтаж.

Осыған байланысты «Қарапайым заттар экономикасы» аясында банктердің есебінен айналым қаражатын толықтыруға және несие желілерін қайта қаржыландыруға мүмкіндік беру, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шара ретінде Бағдарламаның операторы етіп Қазақстан даму банкін қосу ұсынылды. Аталған банк несие берудің икемді құралдарына ие әрі нақты сектордағы маңызды жобаларды қаржыландыруда тәжірибесі бар негізгі даму институты.

 Бағдарламаны іске асыру мониторингін жетілдіру мәселесі ерекше айтылды. Атап айтқанда, «Атамекен» ҰКП ақпараттық жүйесін қолдану және өңірлер, «Даму» қоры, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бірлесіп жұмыс атқаруы арқылы қаржыландырылған жобалар санына мониторинг жүргізудің әдістемесі жақсартылды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік жобалық кеңселердің маңызын атап өтіп, кәсіпкерлердің жобаларын сүйемелдеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды, сондай-ақ Бағдарлама тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстарды қолдап, бірқатар нақты тапсырма берді.

Жиын барысында Абылай Мырзахметов мемлекеттік сатып алулар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылар сатып алуларындағы жергілікті қамтуды дамыту бойынша жұмыстің барысы туралы баяндады.

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша «Қарапайым заттар экономикасының» 6 саласы бойынша әкімдіктер сатып алуларының жоспары – 87 млрд теңге, 7 ай ішінде 40 млрд теңге – 45% орындалды.  Жергілікті қамту үлесі 42%-ды құрады», – деп ақпараттандырды Абылай Мырзахметов.

Осы ретте Басқарма Төрағасы сатып алулар порталының олқы тұстарын айтып өтті, олқылықтар отандық өндірушілердің сатып алуға қатысуын шектейді, атап айтқанда қолданылмайтын кодтарды пайдалану, порталдағы бақылаудың болмауы кедергі. 

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы бюджеттік қаражат есебінен жобаларды іске асырудағы жергілікті қамту үлесі туралы баяндады. Бұдан бөлек, спикер құрылыстағы жергілікті қамту үлесі туралы әкімдіктер берген есептердің төмен сапасын, ұсынылған ақпараттың толық болмауын айтты. ҰКП Басқарма Төрағасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ іске асырып жатқан бизнесті қолдау шараларына – оффтейк-шарттар, Отандық тауар өндірушілер қолдаудың жаңа бағдарламасына жекелей тоқталды.

Абылай Мырзахметов аталған сатып алулардағы жергілікті қамтуды нүктелі мониторингілеу  үшін Жобалық кеңсе жанында жер қойнауын пайдаланушылар мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алулар бойынша арнайы қосалқы топ құрылғаны туралы ақпараттандырды.

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі реттелмелі сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында ҚР Қаржы министрлігіне отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуындағы шектеуді алып тастауды; өңір әкімдеріне жергілікті қамту үлесі бойынша толық есептілікті беруді қамтамасыз етуді, соның ішінде мемлекеттік сатып алулар порталында Өңірлік комиссиялар жұмысын белсендіруді; «Самұрық-Қазына» қорына – жергілікті қамтуды бақылау бойынша жұмысты жалғастыру, отандық тауар өндірушілермен оффтейк-шарттар жасау, соның ішінде атаулы қолдау механизмін күшейтуді тапсырды.

Үкімет басшысы коронавирус пандемиясы салдарынан сұраныстың қысқаруы – экономиканың негізгі мәселесі екенін, осыған байланысты мемлекетке жағдайды қалпына келтіру үшін барлық қолжетімді ресурстарды белсендіру қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының атап өткеніндей, қазіргі жағдай бірінші кезекте Үкімет және әкімдіктерден стандартты емес шешімдерді талап етеді. Жеке немесе банк секторы жауапкершілігіне алуға дайын емес тәуекелдерді  мемлекет мүмкіндігінше өз міндетіне алуы тиіс», – деп атап өтті Аскар Мамин.

Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне сату, несиелеу және жұмыспен қамту мәселелерін бақылауға алу тапсырылды. Жиынды қорытындылай келе Премьер-Министр Жобалық кеңсе атқарған жұмысты оң бағалап, өңірлік жобалық кеңселердің маңызды рөлін атап өтіп, сондай-ақ нақты секторды қаржылық сауықтыру және экономиканы одан әрі дамыту мәселелері бойынша Ұлттық банк және «Атамекен» ҰКП-мен алдағы уақыттағы үйлестірілген жұмыс туралы хабарлады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер