«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Аға сеньорлар»: түркістандық кәсіпкерлер балық шаруашылығын дамытуды қолға алды

2020 жылғы 16 Қыркүйек
- Түркістан облысы
5921 просмотров

Сайрам ауданындағы  жоғары технологияларды қолдану арқылы алма өсіріп, оны сақтаумен және сатумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС енді жаңа бағыт – балық шаруашылығын дамытуды қолға алды.

Бұл бағытта серіктестікке балық шаруашылығындағы тәжірибесімен бөлісуге Нұр-Сұлтан қаласынан биологиялық ғылымдар кандидаты, балық шаруашылықтары қауымдастығы төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, «Қазақбалықшаруашылығы» балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығының өкілі Серік Темірханов «Аға сеньорлар» жобасы бойынша арнайы шақыртылған болатын.

Сарапшы он күн ішінде балықты сақтау, азықтандыру, балық өнімдерін сату және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәліметтермен бөлісті.

Серіктестік басшысы Жанат Тасанбаеваның айтуынша, отандық сарапшы балық шаруашылықтың түрлі формаларын, артықшылықтары мен кемшіліктері, коммерциялық балық өндірісінің ерекшеліктері туралы, сондай-ақ, басқа елдердің озық тәжірибелерімен таныстырған.

Еске салсақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатын «Аға сеньорлар» жобасы экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асыратын және жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарға шетелдік сарапшыларды өз кәсіпорнына шақырып, кәсіби ұсыныстар алуға мүмкіндік беретін бірегей жоба.

Алайда, ағымдағы жылы пандемияға салдарынан жоба өз форматын өзгертті. ҚР Үкіметі «Аға сеньорлар» жобасы аясында шетелдік кеңесшілерді тартуды уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Дегенмен, шетелдік сарашылардың орнына отандық салалық сарапшылар шақырылып, шағын және орта бизнеске нақты міндеттерді шешу бойынша кеңес көрсетуде.

«Расында, еліміздегі қазіргі қиын жағдай бизнестің ілгері жылжуына кедергі болуда. Көпшілік кәсіпкер осындай қиындықтарға байланысты жаңа мүмкіндіктерден бейхабар қалып жатыр. Алайда мұндай қиыншылықтарда біз жаңа мүмкіндіктерді тауып, көрсетіп, кәсіпкерліктің әрмен қарай дамуына ықпал етуіміз керек. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестегілерге осындай мүмкіндікті қарастырып, «Аға сеньорлар» жобасы негізінде бұл бастаманы жүзеге асырып жатыр. Бұл мәселеде бизнесті қалай алып шығу керек, жұмысты қандай мақсатта жүргізу қажет — жалпы басқарудың тиімді жолдары түсіндіріледі»,- дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанна Тілеубекова.

Айта кетейік, өткен жылы «Аға сеньорлар» жобасы аясында Түркістан облысының төрт кәсіпорнына шетелдік сарапшылар шақырылып, өз өнімділіктерін едәуір арттырған болатын.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер