Мемлекеттік қызметкерлердің салғырттығы түркістандық шаруаның жерінен айырылып қалуына себеп болды
Созақ ауданының кәсіпкері, «Ран-ата» шаруа қожалығының төрағасы 1300 гектар жер учаскесінен айырылып қала жаздады. Алайда, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін егістік алқаптары қайтарылды.
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасына Созақ ауданының кәсіпкері «Ран-ата» шаруа қожалығы арызданып, шаруашылыққа тиесілі 1 300 га жер учаскесі жергілікті атқарушы органның шешімдерімен үшінші тұлғаларға беріліп кеткенін көрсетіп, құқықтық көмек көрсетуді сұрады.
Мәселені зерделей келе, Созақ ауданы әкімінің 1999 жылғы шешімімен аталған шаруашылыққа аудан аумағынан 1 300 га жер телімі шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген.
Кейіннен, аудан әкімінің 2013, 2016 және 2020 жылғы қаулыларымен аталған жер телімдері белгісіз себептермен басқа азаматтарға беріліп кеткен.
Жергілікті атқарушы орган «Ран-ата» шаруашылығына берілген жер телімдерінің жер кадастрының дерекқорына енгізілмегені себептен, оны «бос жатқан жерлер» деп есептеп, басқа азаматтарға беріп жібергені анықталды.
Осылайша, ауданда жер учаскелерінің меншік иесі, олардың орналасқан жері мен көлемі туралы ақпараттар енгізілетін интерактивті картаның жұмыс істемеуі салдарынан шаруа қожалық өзіне заңды жолмен тиесілі болған жер учаскесінен іс жүзінде айырылып қалған.
Палата аталған мәселенің өзектілігін ескеріп, кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Созақ ауданының жергілікті атқарушы органына тиісті ұсыныстар жолдады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, ауданның жер бөлімі мен кадастр қызметі «даулы» жер учаскесіне айналғалы отырған жер иеленушілердің қатысуымен келіссөздер жүргізілді.
Нәтижесінде, тараптардың ортақ келісіммен жер учаскесі толықтай «Ран-ата» шаруашылығының иелігіне қайтарылып, шаруашылықтың 5 720 000 теңге көлеміндегі мүліктік құқығы қорғалды.
«Десекте, мұндай мәселенің орын алуы жергілікті атқарушы органдармен жер учаскелері туралы мәліметтірдің «Дерекқорға», «Интерактивті картаға» уақытылы енгізілмейтінін, бұл мәселеде бір ізділік пен талаптар қатаң сақтала бермейтінін және бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды қажет ететінін көрсетіп отыр»,-деп атап өтті ӨКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің сарапшысы Нұрсұлтан Кәрімбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: