«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда отандық үздік өндірушілер анықталды

2022 жылғы 04 Тамыз
- Түркістан облысы
6165 просмотров

Түркістан облысында «Қазақстанның үздік тауары»  көрме-байқауының өңірлік жеңімпаздары анықталды. Байқауға 80-ге жуық  компания өтінім беріп, үздіктері республикалық сынға жолдама алды.

Ауқымды шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов қатысты.

Өңірдің 77 өндірушісі қатысқан көрмеде отандық өндіріс тауарларының үздік үлгілері: тамақ және жеңіл өнеркәсіп, қайта өңдеу және құрылыс өнімдері, өнеркәсіп жабдықтар ұсынылды. Олардың көбі бұл байқауға бірнеше рет қатысып, Сапа менеджментінің жоғары стандарттарына ие болды. Арнайы байқау комиссиясы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады.

«Бүгін өз өтінімдерін ұсынған компаниялар арасында біздің тұрақты қатысушыларымыз да, жаңадан келгендер де - жеңіл, тамақ өнеркәсібінің, қызмет көрсету саласының лайықты өкілдері бар екені қуантады. Өңірлік кезеңнің лауреаттары біздің облысты республикалық көрме-байқауда көрсететін болады. Өңірлік деңгейдегі жеңіс оған қатысушыларға өнімдері туралы бүкіл Қазақстанға мәлімдеуге мүмкіндік береді. Бұл жоғары нарықтық бәсекелестік жағдайында өте маңызды», - деп атап өтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Еске салайық, байқауды ұйымдастыру 2015 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жергілікті жерлерде - өңірлік палаталарға жүктелген. Байқауға қатысудың басты өлшемшарттары – өндірілетін өнімнің, орындалатын жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізу, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін пайдалану, халықаралық стандарттарды енгізу, тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру.

Көрменің қонақтары мен қатысушылары түркістандық өндірушілердің өнімімен танысып қана қоймай, оны сатып алды. Түрлі өнімдер - ет, сүт, нан және кондитерлік тағамдар, халық тұтынатын тауарлар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары және басқалар төмендетілген бағамен ұсынылды.

«Өңірлік көрме-байқау – біздің өндірушілер үшін өз әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетуге жақсы мүмкіндік. Байқауға қатысуға бастапқыда 100-ден астам бизнес субъектісі өтінім берген, жарысқа 80-ге жуығы қатысады. Мәреге арнайы байқау комиссиясы таңдайтын ең мықты және лайықтылар келеді», – деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахипбеков.

Сондай-ақ, көрме қонақтарының арасында лотерея ойнатылып, бағалы сыйлықтар ұсынылды. Шараға демеушілер: Rixos Turkіstan қонақүйі, «Арай Deluxe» шипажайы, Silk Way қонақүйі, Hampton by Hilton Turkistan қонақүйі, «Керуен Сарай» туристік кешенінің сыйлық сертификаттары табысталды.

Байқау комиссиясының құрамына бизнес және уәкілетті органдардың өкілдері кіреді. Олар өнімдерді саралап, тоғыз лауреатты анықтады. Жеңімпаздарды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов сондай-ақ ӨКП директоры Тимур Нақыпбеков марапаттады.

 

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында:

  1. «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ
  2. «Хабибулла-Ата» ЖК
  3. «ART Boilers» ЖШС жеңіске жетті .

 

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында:

  1. «SEM BRAND» ЖК
  2. «Арай» ӨК
  3. «Арыс Минералды Су»  ЖШС

  «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында:

  1. «БӨРТЕ МИЛКА» ЖШС
  2.   ТОО Aykan
  3.  «Көрік» ЖШС жеңіп алды.                                          

Ел аумағында өнеркәсіп, азық-түлік тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді өндіруді жүзеге асыратын және өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі жақсарту бойынша байқауды ұйымдастырушы растаған оң нәтижесі бар жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар байқауға қатыса алатынын атап өтейік. 

Байқау дипломанттары «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының эмблемасымен және дипломдарымен марапатталды. Байқау дипломанттары байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы пайдалану құқығына ие болады.

Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысады. «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық байқауы осы жылдың күзінде өтеді деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер