«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына Түркістан облысынан 8 компания қатысады

2022 жылғы 06 Қазан
- Түркістан облысы
6330 просмотров

Түркістан облысында «Қазақстанның үздік тауары»  көрме-байқауының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша  - «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ, «Хабибулла-Ата» ЖК, «ART Boilers» ЖШС, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша - «SEM BRAND» ЖК, «Арай» ӨК, «Арыс Минералды Су»  ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша - «БӨРТЕ МИЛКА» ЖШС, ТОО Aykan, «Көрік» ЖШС жеңіп алған болатын. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына Түркістан облысынан  8 компания қатысады.                                 

Бүгін біз оқырмандарға Түркістан облысында «Қазақстанның үздік тауары»  көрме-байқауының өңірлік жеңімпазы ,  80-ге жуық  компания арасынан үздік болып шыққан, республикалық сынға жолдама алған, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған - АҚ  «Кентау трансформаторлық зауытын» таныстырмақпыз.

Кентаудағы зауыт – ТМД-дағы трансформаторлық жабдықтың ең ірі өндірушісі. Қазіргі таңда зауыт толығымен жабдықталған, жаңа техникалар алынып кәсіпорын 93 пайызға дейін жаңартылған. Жұмыс үш ауысымда жүреді. Кәсіпорында 1252 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Кайдзен» басқару жүйесін қолданады. Зауытта екі робот бар. Бірі дәнекерлеуші болса, екіншісі – жинаушы робот. Роботтар жүз адамның жұмысын істей алады. Жапонияның «Yaskawa» және Швейцарияның «Tuboly» компаниясынан алынған роботтарға 1 млрд теңге қаржы жұмсалған. Оның 50%-ын мемлекеттік грант құрайды. Басқарма төрағасының сөзінше, бұл екі робот өз қол астында жұмыс істейтін инженерлердің арнайы тапсырысымен жасалған. Басқа ешбір елде аналогы жоқ.

«Бұл зауыт – бүгінде Кентау қаласының ғана емес, еліміздің экономикасына да үлес қосып келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Жергілікті халықты жұмыс орнымен қамтып қана қоймай, жоғары жалақы ұсынып отыр», - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.

 

Зауыттың жанынан 2012 жылы политехникалық колледж ашылған. Ол осы Кентау трансфарматор зауытының (КТЗ) базасында құрылды. 2012 жылы колледждің табалдырығын 107 студент аттаған. Оларды «Техниканы пайдалану, қызмет көрсету және электр және электромеханикалық құрал-жабдықтарды жөндеу», «Электржабдықтар электр станциясы, шағын станция және желі», «Электрожабдық», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша қабылдаған. Он жыл ішінде колледж біраз мамандар даярлап шығарды. Зауытқа қажет мамандарды өздері оқытып, жұмысқа қабылдайды.

 

Еске салайық, байқауды ұйымдастыру 2015 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жергілікті жерлерде - өңірлік палаталарға жүктелген. Байқауға қатысудың басты өлшемшарттары – өндірілетін өнімнің, орындалатын жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізу, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін пайдалану, халықаралық стандарттарды енгізу, тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру.

 

Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысады. «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық байқауы 8 қазанда Астана қаласында өтеді деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер