«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық кәсіпкерлер 11 айда 791 экспорттық сертификат алды

2022 жылғы 19 Желтоқсан
- Түркістан облысы
7769 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес өкілдеріне 11 айда 791 экспорттық, 123 СТ-КЗ, 17 индустриалды сертификат берді. Кәсіпкерлерге берілетін сертификаттың түрлері, ерекшеліктері туралы сұрақтарымызға палатаның 1 санатты маманы Дәулетияр Әліпов жауап берді.

Дәулетияр Балтабайұлы, кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерге қандай сертификаттар береді? Бір-бірінен айырмашылығы қандай?

Кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілер  үшін сертификаттың сегіз түрін береді. Оның алтауы экспортқа, ал екеуі ішкі нарыққа бағытталған. Ішкі нарыққа бағытталған сертификат сатып алу порталына тендерге конкурсқа қатысуға беріледі. Айырмашылығы индустриалды сертификат өнім қуаттылығына баға береді, отандық қызмет, жұмыс және тауар өндірушілерге беріледі, ал СТ-KZ жергілікті үлесі қанша пайыз құрайтыны бойынша баға береді және тауардың шығу тегін айқындайды. Экспорттық сертификат халықаралық экономикалық қарым-қатынас үшін, тауардың шыққан елін анықтау мақсатында, Қазақстан мен экспортқа шығарылатын елдердің арасында жасалған келісімшарт негізінде рәсімделеді.

Осы құжаттардың ішінде сертификаттарға жеке тоқталып өтсеңіз. Оны алудың талаптары қандай?

Индустриалды сертификат салалық мамандардың сараптамалық қорытындысы негізінде беріледі. Өтініш берушінің техникалық, технологиялық, ресурстық мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді, тауар, қызмет және жұмыс өндіруге шамасы жететінін айғақтайды, өтінімде көрсетілген өнімдер ауқымын өндіруге қауқары жететінін дәлелдейді. Кәсіпкерлер индустриалды сертификатты алу үшін 2 кезеңнен өтуі қажет. Бірінші кезеңде салалық сарапшының қорытындысы, салалық қауымдастық ұсынған сарапшы кәсіпорын тапсырған құжаттарды қарап шығады. Кейін өндірістің базасына барып, талдау жүргізеді де, берілген мәліметтерге сәйкестігін салыстырады. Екінші кезеңде кәсіпкер электрондық құжаттар алмасудың біріңғай жүйесіне тіркеліп,  содан соң өңірлік кәсіпкерлер палатасына салалық сарапшының шығарған қорытындысымен қатар құжаттарды қосып, өтініш ұсынады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органның және аймақтық кеңес мүшесі қатысуымен комиссия құрып, өндіріске тексеру жүргізеді. Кәсіпкердің өндірістік мүмкіндіктері дәлелденген кезде сертификат рәсімделеді. Бұл сертификат кәсіпкерге 3 жылға электронды түрде QR белгісімен тегін беріледі. Құжаты бар кәсіпорын автоматты түрде отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілердің тізіміне енгізіледі.

СТ-KZ сертификаты да экспертиза актісі негізінде қаралады. Арнайы акредитацияланған, аттестацияланған эксперттік ұйымдар экспертиза актісін өз тарапынан қорытынды жасап, өңірлік кәсіпкерлер палатасына жолдайды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы салалық өкілмен бірге тексеріс жүргізеді.

Экспорт бойынша халықаралық келісімшарт аясында берілетін сертификат. ТМД елдері арасында 2009 жылғы халықаралық келісімшарт аясында СТ1 сертификаты беріледі. Бұл – кедендік салық бойынша үлкен жеңілдік.

СТ2 сертификаты Сербия мемлекетіне арналса, СТ3  Иранға, ЕАF  Вьетнамға, «формаА» Еуро одақтағы мүше елдер үшін, «Түпнұсқа» сауда бойынша ешқандай келісмшарт жасалмаған, ешқандай одаққа кірмеген, яғни Қытай, Африка және басқа елдерге арналған.

Индустриалды сертификат 3 жылға беріледі. Үш жылға дейін кәсіпкер осы құжатпен жүре бере ме, әлде өзге де талаптар бар ма? Сондай-ақ сертификат қандай жағдайда кері қайтарылады?

Сертификат 3 жылға ұзартылу мерзімімен беріледі. Дегенмен 12 ай өткеннен кейін кәсіпкер көрсетіп отырған жұмыс, қызметі мен шығарып жатқан тауар түрлерінде, технологиялық құрал-жабдықтарында қандай да бір өзгерістер болмаса, жалпы бастапқы ұсынған түріне өзгерістер енгізілмеген жағдайда сол сертификатты келесі жылға актуализация жасайды. Ал сертификатты алғаннан кейін кәсіпорнын ұлғайтып немесе мамандар санын арттырған болса, технологиялық, техникалық өзгерістер жасап, жаңадан құрал-жабдықтар алған болса, қосымша өзгерістер енгізуге өтініш береді. Индустриалды сертификат бірнеше жағдайда кері алынуы мүмкін. Бұл Индустриалды сертификат қағидасының 13-бөлімінде көрсетілген: кәсіпкер өз қызметін тоқтатып, ликвидация болған жағдайда, қағиданың 5-бөліміндегі шарттар орындалмаса, верификация кезінде көрсететін қызметін, жұмысын, өнімін шығара алатынын дәлелдей алмаса, 3-ші жағдайды есептемегенде, өтінім беруші ерікті түрде қайтарып алса,  верификация комиссиясын технологиялық базаны тексеруге өтінім иесі рұқсат етпесе алынады. Осындай жағдайларда, өтінім беруші арнайы тізілімге өтіп кетуі мүмкін. Бұл кезде кәсіпкер 24 айға дейін индустриалды сертификат алуға қайта өтініш бере алмайды.  Жалпы сертификат алуға қатысты бизнес өкілдерінен сұрақтар туындаған жағдайда кеңес беруге әзірміз.

Дәулетияр Балтабайұлы, сұхбатыңызға рақмет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер