«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ КЛАСТЕРІ ЖАСАҚТАЛАДЫ

2023 жылғы 13 Қазан
- Түркістан облысы
7837 просмотров

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі жиһаз жасау саласындағы кәсіпкерлердің басын қосып, мәжіліс өткізді. Жиынға, сонымен бірге осы салаға бейімделген кәсіпорындарға қажетті жабдықтар тасымалдайтын мекеме өкілдері де қатысты. 

Облыс әкімі Түркістан облысынан арнайы жер бөлініп, өндірістік парктер салынатынын, онда кәсіпкерлерге жағдай жасалатынын айта келе облыста жиһаз саласы бойынша кластер жасақтау, кәсіпорындарды бір аймаққа шоғырландырып, экспорттық әлеуетін көтеру жөнінде ұсыныс айтты. 

– Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Бүгін сіздермен осы саланы одан әрі дамытып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттар ашу мәселесін талқылауды жөн көрдік. Жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы. Бұл ретте әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлер күш біріктіріп, жиһаз кластерін дамытуымыз қажет. Оған біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі. Ұсыныстарыңызды, мәселелерді тыңдап, тиісті шешім шығарамыз. Мемлекеттік тапсырыс саласында да алдымен отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Ол үшін осы саладағы кәсіпкерлер бірігіп, Түркістанның брендін жасақтауға, экспорттық әлеуетін көтеруге атсалысқандары жөн. Арнайы парктер құрылады, қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды. 

Мәжілісті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жүргізіп отырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта, Түркістан облысында жиһаз өнеркәсібі саласында 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі ірілері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне өнімдерін экспорттауда. Облыс кәсіпкерлері жиһаз өнеркәсібі саласында биылғы 8 айда 4,0 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, көлемін өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,8%-ға өсірген. 

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парктердің құрылысы және қазіргі жағдайы жөнінде баяндады. Кәсіпкерлерді осы аумақтан орын алып, жұмыс істеуге шақырды. 

 Кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері де тыңдалды. Атап айтсақ,  Шардара ауданында жиһаз шығаратын «ШЕБЕР» мүгедектер қоғамының директоры Омар Бақтыкерей, Шымкент қаласындағы «Дом под ключ» компаниясы басшысының орынбасары Қуаныш Бекмұрат, Түркістан қаласында жиһаз шығаратын ЖК «Құдайбергенов» кәсіпорнының басшысы Құдрат Құдайбергенов және өзге де кәсіпкерлер жиһаз өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді қозғады. Олар жиһаз саласына жеңілдетілген несие беру, халықаралық көрмелерге қатысуға қолдау көрсету, мамандар тартуға, жас шеберлерді оқытуға жәрдемдесу, мемлекеттік тапсырыс аясында отандық өндірушілерді қолдау, сертификат беру, шетелге экспортқа шығару тетіктерін жеңілдету және түсіндіру жөнінде өтініштерін жеткізді. Осы салаға қолдау білдірген облыс әкіміне алғыстарын айтып, жиһаз кластерін құруға атсалысатындарын атап өтті. 

Алдағы уақытта Түркістан қаласының маңында жиһаз кластерін дамытуға бағытталған өндірістік парктер жұмысын бастайды. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер