«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан: Жетісайлық кәсіпкерлердің VI форумы өтті

2023 жылғы 30 Қараша
- Түркістан облысы
4739 просмотров

Түркістан облысы Жетісай ауданының аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен Жетісай ауданы кәсіпкерлерінің VI форумы өтті. Форумда өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы заңнамалар аясында аудан кәсіпкерлеріне өз бизнестерін қаржыландыру, өндіріске қажетті инфрақұрылымдарын дамыту және мемлекет тарапынан қарастырылған басқа да қолдаулар мен жеңілдіктер түсіндіріліп, сұрақтарға жауаптар берілді. Еркін форматта өткен келелі кеңеске Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков те қатысты.

Негізінен Жетісай ауданында жұмыс істеп тұрған 21 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектіде бүгінде 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, 10 айда кәсіпкерлер тарапынан 26,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтері көрсетілген. Осы жылдың 10 айда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 19,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 7,8 млрд теңгеге артқан.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында Қарақай, Ж.Ералиев, Мақталы және Қазыбек би ауылдық округтерінің шаруаларын несиелендіру бойынща 1,4 млрд теңгені құрайтын 230 жоба қаржыландырылған. Жетісай қаласындағы резервке алынған 12 гектар жерден шағын өндірістік паркін (технопарк) ұйымдастыру үшін «Turkistan» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен қаржы бөлу жұмыстарының жүргізіліп жатыр. Аталмыш паркте барлық инфрақұрылыммен қамтылған 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 200 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда.

Аталмыш шара соңында өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай ондаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған табысты кәсіпкерлер бірнеше номинация бойынша марапатталса, аудан өнерпаздары форумға қатысушыларға концерттік бағдарламаларын ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер