«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкенттік кәсіпкерлер қытайлық делегациямен кездесті

2024 жылғы 25 Сәуір
- Шымкент қаласы
6657 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Қытайдан келген делегация өкілдерімен В2В форматындағы кездесу өтті. Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің аясында өткен жиында жергілікті және қытайлық компаниялардың жетекшілері өзара тілдесті.

Қытай делегациясының құрамында қаптау-орау, электрмобильдер мен электрскутер шығару, жел және күн энергиясын өндіру, жол салу салаларындағы Шыңжан, Гуандун, Ичун өңірлері компанияларының өкілдері болса, Шымкенттен UNIT-CO.KZ, «Берен моторс», «Састөбе цемент зауыты», «РК Спектр» ЖШС, «Бум Пром», «April», «Дала Солар» сияқты компаниялардың жетекшілері қатысты.

Алдымен Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев Палата жұмысы туралы қысқаша таныстырып өтті.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Үкімет пен бизнестің арасындағы көпір қызметін атқарады деуге болады. Біз кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқығын қорғаймыз, шағын және орта бизнестің қалыпты дамуы бағытында жұмыс істейміз. Осы мақсатта прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеп-тексеру департаменті сияқты құзырлы-бақылау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Оған қоса Палатада шағын бизнесті қолдау мақсатында сервистік қызметтер көрсетіледі. Қызметтің барлығы – тегін. Бастауыш кәсіпкерлер мен әйел кәсіпкерлерге арналған түрлі оқыту бағдарламалары, дамыту орталықтары бар. Ал салалық кеңестер аясында түрлі мәселелерді талқылап, мемлекеттік органдармен ақылдасып отырамыз», – деді Бауыржан Бердалиев.

Қытайлық делегация тарапынан Huahe International компаниясының өкілі бизнес-сапарларының мақсатын таныстырды.

«Бізге арнайы кездесу өткізіп, қарсы алғандарыңызға өте қуаныштымыз. Делегация құрамында түрлі компаниялар келіп отыр, олардың Орталық Азия елдерінің нарығына шығуына көмектескіміз келеді. Және Қытайда сіздердің делегацияларыңызды қарсы алып, өзара әріптестік байланысты арттыру мәселелері мемлекеттік деңгейде де талқылануда. Бұл жолы бірнеше компания өкілдері Қазақстанға келіп, жалпы экономикалық нарықтың жағдайымен танысып отыр. Бізге барлығы ұнап отыр, енді компаниялар жергілікті нарыққа инвестиция құюға қызығушылық танытып отыр», – деді Huahe International компаниясы жобасының жетекшісі Ван Синь.

Бұдан кейін қонақтар мен жергілікті кәсіпкерлер өздерін жеке таныстырып, айналысатын салалары туралы мәлімет берді. Екі тарап өзара сөйлесіп, әріптес болуға ықтимал компаниялардың мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты, байланыс мәліметтерін алмасты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер