«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан: Шетелдік инвесторлар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосуға ниетті

2024 жылғы 24 Қыркүйек
- Түркістан облысы
1447 просмотров

Түркістан облысында сауда-саттық байланысын орнату бағытында, Қытайлық инвесторлар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосуға ниетті. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде айтылды. Келіссөз барысында Джан Жин Лан мақтаның қытайлық сортын егіп, мақта өңдеу зауыты мен текстил фабрикасын салуға инвестор болуға дайын екендігін жеткізді.

Өз кезегінде бидай, жүгері дақылдарынан мол өнім алу бағытында жұмыс істеуді көздеп отырған делегация, Қытай еліне экпорт жасау мәселесін де жолға қоймақ. Егістік алқабында суды үнемдеу, жаңа технологиялар арқылы егін егу бойынша қытайлық технология пайдаланылады.

«Өңірімізде мақта және жүгері, соргоның өнімділігін арттыру мақсатында 2 жылдан бері демонстрациялық алаңдар жұмыс істеуде. Пилоттық жобаның тиімділігін түсінген кәсіпкерлер химиялық тыңайтқыштардан бас тартып органикалық негізде егін егуде. Облыс аумағында 2200 га. мақта алқабында 322 шаруа мақтаның түркиялық сортын өсіруде. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге және инвесторларға әрқашан көмектесуге дайынбыз», - деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.

«Мақта капитал» ЖШС бас директоры Ғалымжан Пердешов инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендігін жеткізді. Бүгінде саурандық кәсіпкер шетелдіктердің тамшылатып суғару әдісімен 500 га егістік жерге жүгері және бидай егу бойынша ұсынысын қабыл алған.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 22 мақта өңдеу зауыты мен 200-ден астам мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Шаруалар мақтаның 17 түрлі сортын егіп, өнім алуда. ҚР АШМ ғылым академиясының «Білім тарату оралығы» жетекшісі, палата жанындағы «Агро кеңес беру орталығы» жетекшісі Нұрлыбек Боранбаев инвесторларға егін егуде агротехнология талаптарын сақтап, дақылдарды органикалық негізде өсіруге маңыз берілуі қажет екендігін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер