«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында кәсіпкерлер Кеңесінің алғашқы отырысы өтті

2024 жылғы 03 Желтоқсан
- Түркістан облысы
439 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Бәйдібек аудандық филиалы жанынан жаңадан құрылған аудандық кәсіпкерлер Кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа Кеңес мүшелерімен қатар аудан әкімінің орынбасары Б.Қырғызалиев, аудан прокуроры Н. Ғабитұлы, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Т.Үркімбаев, облыстық фермерлер одағы төрағасының орынбасары және аудандық мәслихат депутаты Д. Ахатаев және аудандағы ірі агроқұрылым өкілдері қатысты.

Жиында Кеңес мүшелеріне оның функциялары мен ережелері таныстырылды. Филиал директоры Кеңес мүшелерін ресми түрде бекітілулерімен құттықтап, Кеңес төрағасын сайлау мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Кеңес төрағасы болып облыстық мәслихат депутаты, ЖШС «Елнұр К» директоры Қапалбаев Ғабиден Заманханұлы сайланды.

Күн тәртібінде аудан кәсіпкерлігінің өзекті мәселелері мен салаларды дамытуға байланысты ұсыныстар қаралды. Талқылау нәтижесінде, маңызды ұсыныстарды облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы тиісті құрылымдарға жеткізу туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, Кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді. Отырысқа арнайы келген облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Ауелбеков 2025 жылдың басында өтетін Өңірлік кеңес құрамын сайлаудың жаңа тәртібі жөнінде түсіндірді. 

Аудандық кеңес мүшелерін сайлау тәртібіндегі негізгі өзгерістер таныстырылды. Ережеге сәйкес, Өңірлік кеңеске делегаттарды сайлау ӨКП аудандық және салалық кеңестерінің құрамына кіретін кәсіпкерлік субъектілерінің тікелей дауыс беруі негізінде өткізіледі. Үміткерлер салалық және аудандық кеңестер мүшелерінің арасынан, сондай-ақ ӨКП аккредиттелген бірлестіктердің бірінші басшылары немесе мүшелері арасынан сайланады, - деді ол.

 

Бұл жиын аудан кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бизнеске қатысты мәселелерді шешуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер