«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен өңір кәсіпкерлерінің кездесуі өтті

2024 жылғы 11 Желтоқсан
- Түркістан облысы
1418 просмотров

Бүгін Түркістанда Ұлттық палата мен мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлермен кездесті. Өңірдегі бизнесмендер қордаланған мәселелерін жеткізді.

Жиынға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Тимур Нахипбеков, облыс әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, өңірлік Кеңес мүшелері, аудандық кәсіпкерлер Кеңесі мүшелері, мемлекеттік органдармен қаржы институт басшылары, және кәсіпкерлер қатысты.

Іс-шараның кездесу алды бағдарламасына сәйкес, облыс әкімі орынбасарларының, құқық қорғау, уәкілетті және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерліктің қырыққа жуық проблемалық мәселелері қаралып, шешу жолдары талқыланды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің «Салық саясаты мен Салық кодексі» тақырыбында баяндамасы, Облыстық прокуратура, ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «бизнесті қорғау» бағытында атқарылған жұмыстары бойынша баяндамасы тыңдалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпкерлерге мүмкіндіктерді пайдаланып бизнес бастауға және кеңейтуге шақырды:

«Бүгін біз кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары бойынша кері байланыс алып, алдағы жоспарларды талқылау үшін жиналдық. Шағын және орта бизнес – экономикамыздың негізгі драйвері. Осы бағытта көптеген қаржылық, салықтық және инфрақұрылымдық қолдаулар іске асырылуда. Соңғы екі жылда:

            •           Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту арқылы жаңа өндіріс орындары ашылды;

            •           Шағын өндірістік парктер іске қосылып, кәсіпкерлерге дайын ғимараттар ұсынылуда;

            •           Бөлшек салық ставкасы 4%-дан 2%-ға төмендеді;

            •           Кәсіпкерлер үшін 50 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелер берілді.

Сонымен қатар, өңірде шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары нәтижесінде 13 жоба іске асырылып, 3 600 жұмыс орны ашылды. Жалпы құны 2,5 трлн теңгеге 145 инвестициялық жоба жоспарлануда. Кәсіпкерлерге инфрақұрылым, қаржылай қолдау мен дайын өндіріс алаңдары бар. Қазір бизнес бастауға және кеңейтуге қолайлы уақыт. Баршаңызды осы мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын», - деді ол.

 

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Тимур Нахипбеков Ұлттық палата жұмысындағы үлкен өзгерістер жайлы айтып өтті:

«Ұлттық палата цифрлық экожүйенің жаңа моделін әзірледі. Бірыңғай жеке кабинет пен маркетплейс құру ұсынылды. Бұл бизнеске мемлекеттік қолдау мен қызметтерге оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Бір ауыл-Бір өнім» жобасы Республика бойынша 2023-2024 жылдары іріктеліп алынған 138 финалист 700 түрлі өнім шығаруда, үлкен туристтік қалаларда арнайы дүкендер ашу жоспарлануда. Ел бойынша 158 салалық кеңес жұмыс істеп, кәсіпкерлердің мәселелерін шешуде. Соңғы 1,5 жылда заңнамаға енгізілген 1,5 мың түзету бизнес ортаны жақсартуға ықпал етті», - деді ол.

 

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Абишов кәсіпкерліктің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті:

«Кәсіпкерлікті дамыту – әрқашан өзекті мәселе. Осы мақсатта жыл сайын облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырып, нәтижесінде көптеген мәселелер шешімін тауып келеді. Бүгін де дәстүрге сай арнайы жиын өткізіп отырмыз. Басты мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік саласындағы реформаларды талқылау, олардың тиімділігі мен болашағын халыққа түсіндіру, сондай-ақ кәсіпкерлердің проблемаларын шешуге бағытталған жоспарларды белгілеу,» – деді ол.

 

 

Кәсіпкерлер палатасының директоры мұндай кездесулер Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуды ынталандырудың тиімді құралы екенін атап өтті:

«Жүйелі сипаттағы мәселелер шешім табу үшін мемлекеттік органдар деңгейінде көтеріледі. Шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған бағдарламалар басты назарда. Бұл ретте Кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, үлкен қолдау көрсетуде», - деді Асылан Ибадуллаев.

Кездесу барысында өңірдегі кәсіпкерлікті одан әрі қолдау бойынша нақты шараларды жүзеге асырудың шешімдері табылды. Көтерілген мәселелерді «Атамекен» ҰКП және Түркістан облысының әкімдігінің сарапшылары пысықтауға алды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер