«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қайнаған полемика: Алматыда тасымалдаушыларды субсидиялау ережелеріндегі өзгерістер талқыланды

2024 жылғы 12 Желтоқсан
- Алматы қаласы
1852 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Алматы өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында қалалық мобильділік басқармасы өкілдерінің мегаполис пен агломерацияның жолаушылар тасымалдаушыларымен кездесуі өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы: Алматы мен Алматы агломерациясында жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау ережесіне ұсынылған өзгерістер болды.

Негізгі өзгерістердің бірі - бағыттың құнын анықтау формуласын нақтылау. Жаңа редакцияда шығындар коэффициентін екі құрамдас бөлікке белгілеу ұсынылады: негізгі және үстеме. Негізгі коэффициент қалалық және қала маңындағы бағыттарға қызмет көрсетудің нақты шығындарының 10% құрайды (автордың нақтылауы – осы уақытқа дейін бұл мөлшер 20% құрады). Бұрын субсидияларды есептеу Оңай жүйесі арқылы төлемді ескере отырып, тасымалданған жолаушылар санының негізінде жүргізілді. Алайда, жолаушылардың жартысы жол ақысын төлемейді, бұл нақты есепке алуды қиындатады. Сондықтан жаңа формулада есептеулер бағыттың әр шақырымы үшін жасалады. Жылжымалы құрам параметрлерін жақсартуға 5% мөлшерінде қосымша үстеме ақы көзделген және егер маршрутта электр көліктері пайдаланылса, жылжымалы құрамға есептелген шығындар сомасының 2% мөлшерінде ынталандырушы үстеме ақы да бар.

Субсидиялау жүйесіне және көлік құралдарын пайдалану мерзіміне де өзгерістер қарастырылған. Бір жылдан аз пайдаланған көлікке - 5%. Бұл көрсеткіш қолданылып келе жатқан мөлшерден екі есе қысқартылды. Бір жылдан 7 жылға дейінгілерге өтемақы бұрынғы деңгейде - 15%, ал 7 жылдан асқан көліктерге субсидия тіптен бөлінбейтін болады. Бұл шешім тасымалдаушыларды жылжымалы құрамды жаңартуға және ескірген көлікті пайдалануды азайтуға ынталандыруға бағытталған, - дейді мемлекеттік орган өкілдері. Сонымен қатар, ай сайынғы субсидияны қалыптастыру тәртібі нақтыланды. Бұл маршруттағы күндер санына, тәулігіне айналымдар санына және есепті жылы бағыттың ұзақтығына байланысты болады.

«Біздің басты мақсатымыз –  халық сұранысын қанағаттандыру. Осы қызметтерге тапсырыс беруші - Алматы қаласының тұрғындары екенін түсіну қажет. Сонымен қатар, жаңа ережелер мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қалалық көлікті экологияландыру үшін әзірленді. Біз субсидияларды төлейміз. Бірақ, тасымалдаушылар өз паркін жаңартып отыруы тиіс. Бұл ережелер соған ынталандыруы тиіс», - деп атап өтті Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Құмарғазин.

Жолаушылар тасымалдаушыларды ынталандырумен қатар міндетті шарттарды орындамағаны үшін айыппұл да қарастырылған. Диспетчерлік ұйым рейстердің орындалу сапасын екі критерий бойынша бағалайтын болады: маршруттың барлық аялдамаларына міндетті түрде бару (талап бойынша аялдамалардан басқа) және бастапқы мен соңғы аялдамаларда уақыт шеңберін сақтау (кестеден 5 минуттан ерте емес және 30 минуттан кешіктірмей). Егер критерийлердің кем дегенде біреуі орындалмаса, рейс субсидиялау қатарына кірмейді. Тағы бір өзгеріс – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап дизельді автобустарға, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап газбен жүретін көліктерге (қала маңы және таулы бағыттарға қызмет көрсетуден басқа) субсидия берілмейді. Бұл нормаларды енгізу үшін ешқандай өтпелі кезең қарастырылмаған.

«Қазақстан Республикасының автокөліктер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев жаңа жағдайларға алаңдаушылық білдірді. Оның пайымдауынша, мемлекет осылайша жеке компаниялар үшін жағымсыз жағдайлар туғызады, бұл олардың жолаушылар тасымалы нарығынан ығыстырылуына әкелуі мүмкін.

«Мемлекеттік парктерге резервтің 20 пайызы қажет емес. Бюджет қаражатынан жаңа көлік сатып ала алады. Бірақ мұның бәрі салық төлеушілердің қаражатына жасалады. Жеке кәсіпорындар парктерді өз қаражатынан жаңартып отырады. Сондықтан бірден 50-60 автобус сатып ала алмайды. Барлық тасымалдаушылар бірыңғай ережелер бойынша жұмыс істеуі тиіс», - деп ой түйіндеді Сәбит Аманбаев.

Тасымалдаушыларға арналған ережелерге өзгерістер әзірлеу кезінде тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдері де тартылуы керек еді, - деп санайды жиналысқа келген кәсіпкерлер. Жаңа талаптар барлық тараптардың мүдделерін ескеруі және жеке компаниялардың қалыпты жұмысы үшін оңтайлы болуы қажет.

«Біз жаңашылдыққа қарсы емеспіз. Бірақ әрбір компанияға, осындағы барлық тасымалдаушылар менімен келіседі,  уақыт керек, асығыссыз өтпелі кезең.  Менің ойымша, тығыз уақытта барлық тасымалдаушылар банктер алдындағы міндеттемелерін орындай алмайды. Себебі, алдында бірнеше жылдық келісімшарттар жасалған болатын», - деді «ТАЛАП Т» ЖШС директорының орынбасары Сұлтан Жұмабеков.

Екі жақ бірден келісімге келмеді. Жаңашылдық өзгерістерді талқылау қайнаған полемика тудырды.

«Біз қазір қандай ұсыныстар жасап және одан әрі жұмысты қалай дұрыс құру керектігін түсінуіміз керек. Мен үшін «Атамекен» ӨКП директоры және депутат ретінде комиссияға қатысу маңызды, өйткені біздің міндетіміз — тасымалдаушыларды қолдау және олардың пікірлерін ескеру. Соңғы уақытта субсидия сомасы айтарлықтай өсті. Президент экологиялық жағдайды, соның ішінде көлікті жақсартуды тапсырды, бірақ бұл бизнеске зиянын тигізбеуі керек. Президент сөзін дұрыс түсінген жөн. Біз сындарлы ұсыныстарға ашықпыз, оларды қорытындылауға, шешім дайындауға және қалалық мобильділік басқармасына жіберуге дайынбыз. Әрі қарай заңнама бойынша жұмыс істейтін боламыз және өз қорытындымызды айтамыз. Сондай-ақ, өтпелі кезең қажет. Көлік паркін жаңарту екі, тіпті үш жыл уақыт алуы мүмкін. Сондықтан,  өтпелі кезеңді қамтамасыз ету маңызды. Біз жұмыс ережелерін екі тарап үшін де ыңғайлы әрі әділ ету үшін «Атамекен» алаңында диалогты жалғастыруға дайынбыз», - деп Алматы қаласы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсұлтан Шоқанов басқосуды қорытындылады.


Ұқсас жаңалықтар:

Оқу - ең жақсы ілім
17 Желтоқсан
2024
Алматы қаласы
Алматы қаласының Өңірлік кеңесіне сайлау
17 Желтоқсан
2024
Алматы қаласы
«Атамекенде» сайлау өтеді
9 Желтоқсан
2024
Алматы қаласы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер