Салмақты салық саясаты: Қаржы вице-министрі Абай облысының кәсіпкерлерімен кездесті
Бүгін Семей қаласында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Максат Сүйчінов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Әділбай, сондай-ақ өңірлік бизнес-қоғамдастық өкілдері, облыстық және қалалық әкімдіктер, мәслихаттар мен өңірлік және салалық кәсіпкерлер кеңестерінің мүшелерінің қатысуымен кеңес өтті. Ашық диалог форматында салық реформасының барлық қырлары түсіндіріліп, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін өзгерту бойынша бизнестің ұстанымы анықталды. Қазіргі уақытта үкімет ҚҚС бойынша жалпы мөлшерлемені 16%, басым қызмет түрлері үшін 10%, ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 0% деңгейінде белгілеуді ұсынып отыр.
Салық түсімдерін арттыру мәселесі алдағы реформа аясындағы негізгі тақырыптардың бірі болып табылады. Мемлекет бюджеттің тұрақты кірістерін қамтамасыз етіп, Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділікті төмендетуді және сонымен бірге кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауды көздейді. Алайда, бұл мақсаттарға жету үшін бірнеше факторларды ескеру қажет, соның ішінде салық саясатының инвестициялық ахуалға, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігіне және экономикалық өсімге әсері.
Кәсіпкерлерге салық реформасының ауыртпалығын азайту мақсатында мемлекеттік органдар салықтық әкімшілендіруге сервистік тәсіл енгізуде. Басты мақсат – салық төлеу процесін жеңілдету және бизнестің бюрократиялық жүктемесін азайту.
Негізгі бастамалар қатарында – ҚҚС бойынша алдын ала толтырылған декларацияларды енгізу, салықтық операциялардың мәртебесін онлайн-режимде бақылауға мүмкіндік беретін «Е-тәмға» жобасын іске қосу, сондай-ақ электронды шот-фактураларды автоматтандырылған түрде жүргізу бар. Бүгінде жүйеге 1,3 миллионнан астам салық төлеуші тіркелген, ал жыл сайын рәсімделетін электронды шот-фактуралар саны 260 миллионға жетеді.
«Өңірлік палата басшысы ретінде, кәсіпкерлікті дамыту және бизнестің мүддесін қорғау саласында қызмет ететін тұлға ретінде, мен ҚҚС мөлшерлемесінің ұлғаюы бизнеске де, түпкілікті тұтынушыға да оң әсер етпейтінін айта аламын. ҚҚС – тұтыну салығы, оның кез келген өзгерісі баға деңгейіне әсер етеді. Біз шағын бизнестің қажеттіліктерін ескеретін және әкімшілік кедергілерді төмендететін теңгерімді жүйе қалыптастыруымыз керек. ҚҚС бойынша шекті мөлшерді төмендету салықтық әкімшілендіруді жеңілдетусіз қосымша ауыртпалық тудырады. Есептілікті автоматтандыру, кассалық әдісті енгізу, алдын ала толтырылған декларациялар және басқа да құралдар кәсіпкерлерге тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, салық реформасы инвестициялық ахуалға әсерін ескеруі керек. Еңбекке ақы төлеу қорына жоғары салықтық жүктеме бизнесті көлеңкелі секторға кетуге мәжбүрлейді. Әлеуметтік салық пен жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын қайта қарау жанама шығындарды төмендетуге, компанияларды бейресми сектордан шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Біз мемлекеттік органдармен диалогты жалғастырудамыз, сондықтан түпкілікті шешімдер фискалдық мақсаттар мен кәсіпкерлікті дамыту арасындағы тепе-теңдікті ескеретін болады. Реформа тек бюджетті толықтыруды ғана емес, ұзақ мерзімді экономикалық өсуді, бизнесті дамытуды және салық жүйесінің ашықтығын арттыруды көздеуі тиіс», – деп атап өтті Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Максат Сүйчінов.
Айта кетейік, облыста шамамен 60 мың бизнес субъектісі бар, олардың 70%-ға жуығы – жеке кәсіпкерлер.
«Қазақстанда салық төлеушілердің жалпы саны 2 миллионнан асады. Олардың тек 80 мыңы ғана ҚҚС төлейді. Қазіргі таңда бұл салық үшін шек 80 миллион теңге көлемінде белгіленген, алайда оны 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылуда. Бұл талқыланатын күрделі мәселе, өйткені бұл санатқа айтарлықтай көп салық төлеушілер кіруі мүмкін. Алдын ала есептеулер бойынша, тағы 200-300 мың кәсіпкер қосылуы мүмкін. Бірақ бірден айта кетейін, біз талдау жүргіздік және тікелей халыққа қызмет көрсететін салық төлеушілер, яғни тұтынушылармен жұмыс істейтіндер, арнайы салықтық режимге жатқызылатын болады. Яғни, барлық шағын азық-түлік дүкендері, шаштараздар, киім бутиктері, қазіргі уақытта жеңілдетілген режимде немесе бөлшек салық режимінде жұмыс істейтіндер ҚҚС-тан босатылады», – деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Вице-министр арнайы салық режимі мен бөлшек салықтың қалай өзгеретінін түсіндірді.
«Қазіргі уақытта қолданыстағы жеңілдетілген декларация жүйесі жылдық табысы 180 миллион теңгеге дейін, жұмыскерлер саны 30 адамға дейін және 2% мөлшерлемені қамтиды. Сондай-ақ, ресми түрде бөлшек салық режимі бар, ол жылдық айналымы 2,4 миллиард теңгеге дейінгі бизнесті қамтиды, қызметкерлер санына шектеу жоқ, ал маслихат шешімімен 4% мөлшерлемені екі есе төмендету мүмкіндігі қарастырылған. Енді біз осы екі режимді біріктіріп, оны шартты түрде жеңілдетілген декларация форматы деп атаймыз, ал табыс бойынша жоғарғы шек сақталады – ол шамамен 2,4 миллиард теңгені құрайды», – деп түсіндірді Ержан Біржанов.
Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің өкілдері өз кезегінде бизнес атынан сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Вице-министр салық реформасын одан әрі жетілдіру қажеттігін және барлық мүдделі тараптардың пікірлері ескерілетінін атап өтті. Қазақстан салық жүйесін жаңғыртуға мұқтаж, бірақ бұл процесс бизнестің дамуына кедергі келтірмейтіндей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай етіп құрылуы тиіс.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: