«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнестің игілігі үшін ынтымақтастық: «Атамекен» палатасы мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Ақтөбеде күш біріктіруде

2025 жылғы 18 Ақпан
- Ақтөбе облысы
2032 просмотров

Ақтөбеде адал бизнестің мүдделерін қорғау саласында «Атамекен» палатасы мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ЭТТД) арасындағы тиімді ынтымақтастық жалғасуда. Бүгін маңызды жоспар талқыланып, қол қойылды. Бұл болашақтағы бірлескен іс-қимылдарға негіз болмақ. Ынтымақтастық қолайлы бизнес ортасын құруға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында ерекше маңызға ие.

2025 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді. Құжатқа Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен облыстық ЭТТД басшысы Қуат Әбдіханов қол қойды.
Құжат екі тараптың өзара іс-қимылын нығайтуға және Ақтөбе облысында кәсіпкерлік ортаны дамытуға ықпал ететін бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз болады деп күтілуде.

Ай сайын бизнес-қауымдастықпен кездесулер өткізіліп, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және адал бизнесті қорғау бойынша ұсыныстар әзірленеді.

Сондай-ақ, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы кәсіпкерлер палатасының алаңында жеке қабылдау өткізіп, оның қорытындылары БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланып отырады.

"Нәтижелі ынтымақтастық жалғасатын болады, оның ішінде облыс аудандарында көшпелі кездесулер өткізу тәжірибесі. Бизнес пен билік арасындағы сындарлы диалог кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді саясатын қалыптастыру үшін негіз болады. Мақсат - кәсіпкерлерді жазалау емес, құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу. Ал бизнеспен бірлескен іс — шаралар ең дұрыс тетіктер мен шешу жолдарын әзірлеуге мүмкіндік береді", - дейді департамент басшысы Қуат Әбдіханов.

 

"Біз Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен ашық және сындарлы қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Өткен жылы палата алаңында кәсіпкерлермен 25 кездесу өткізіліп, онда бизнесті жүргізудің өзекті мәселелері, туындайтын кедергілер мен оларды еңсеру жолдары талқыланды. Департамент өкілдері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің 10 отырысына қатысып, бизнес үшін маңызды 13 негізгі заңнамалық мәселені бірлесіп қарады. 2024 жылы біз облыс аудандарында кәсіпкерлермен кездесулер өткізуге назар аудардық. Мұғалжар, Алға, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау және Темір аудандарында 6 кездесу ұйымдастырылып, онда кәсіпкерлердің мәселелері жедел шешілді. Біз бизнесмендердің алдында тұрған кедергілерді еңсерудегі оң өзгерістерді көріп, осы жұмысты биыл жалғастыруды жоспарлап отырмыз, — деп атап өтті қол қою барысында Палата директоры Дидар Боранқұлов. — Біздің бірлескен қызметіміз бизнесті қорғау тетіктерін жетілдіруге, адал кәсіпкерлерді қылмыстық процестерге негізсіз тартудың алдын алуға және әкімшілік қысымды төмендетуге бағытталатын болады. Ең бастысы, кез келген тергеу әрекеттері алдын ала талдамалық жұмысқа негізделіп, бизнес-субъектілердің қызметіне араласпай жүргізілуі тиіс", — деп атап өтті ӨКП басшысы.

«Атамекен» палатасы мен ЭТТД арасындағы ынтымақтастық – Ақтөбеде тұрақты және өркендеген бизнес-ортаны қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Барлық мәселелер бойынша кәсіпкерлер Ақтөбе облысының "Атамекен" палатасына жүгіне алады. Байланыс нөмірі: +7 /7132/ 744-607.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер