«Бизнес пен мемлекет арасындағы синергия маңызды»: Алматыда жыл сайынғы CFO Summit 2025 өтті
Бүгін Алматыда CFO Summit 2025 өтті. Бұл Қазақстандағы экономика, қаржы, инвестиция және IT-технологиялар салаларында тәжірибе алмасу және шешімдерді табуға арналған маңызды шара. Саммитке жетекші қаржыгерлер, экономистер, инвесторлар, топ-менеджерлер және мемлекеттік орган өкілдері кіретін 400-ден астам қатысушы жиналды.
Талқылауға қойылған өзекті мәселелердің бірі – «Қазақстанның арманы не және оған қаржы мен экономика призмасы арқылы қалай жетуге болады» тақырыбы болды. Бұл сауалға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Райымбек Баталов елдегі кәсіпкерлікті дамытудың келешегі туралы өз пайымын келтіре отырып, жауап берді. Оның айтуынша, бүгінгі экономикалық саясаттың проблемалары – негізгі салалардағы басым бағыттарды дамыту стратегияларының жоқтығы, экспорттан импортты алмастыруға баса назар аудару және мемлекеттік қолдау шараларының стратегиялық басымдылығының болмауы.
«Басым бағыттарды дамыту орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және даму институттарының қолдау құралдарының синергиясын қамтамасыз ете отырып, кешенді түрде жүзеге асырылуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалар тек мақсаттарды жариялап қана қоймай, сонымен қатар, бизнесті ашуға жағдай жасаудан бастап, түпкілікті өнімді нарыққа шығаруға дейінгі бүкіл өндірістік циклді қамтуы маңызды», - деді Райымбек Баталов өз сөзінде.
Осы мәселелерге жауап ретінде «Атамекен» ҰКП стратегия мен іске асыру арасындағы алшақтықтарды жоюға және мемлекеттің толық қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәсілді әзірледі. Саммит қатысушыларына ұсынылған пайымдауда Райымбек Баталов нақты тауашаларды анықтауға және оларды бизнестің қатысуымен дамытудың стратегияларын әзірлеуге ерекше тоқталды. Мұнда нарықтық құзыреттілік тиімді шешімдерге негіз болады. Жоба командалары құзыреттілікті, ашықтықты, жариялылықты және нәтижелер үшін жеке жауапкершілікті қамтамасыз ететін бизнес өкілдерін тартады.
«Біз ел ішіндегі құндылық үлесін, технологиялар трансферті мен экспорттық бағдарды қоса алғанда, басымдықты тауашаларды таңдаудың ашық критерийлерін ұсынамыз. Бұл ретте Үкіметтің бақылау тақтасына шығару арқылы аталған стратегиялардың іске асырылуының цифрлық мониторингі ұсынылады. Ол нысаналы индикаторлардың іске асырылуының нақты бейнесін көрсетеді және инвестициялық жобалардың орындалу барысын бақылайды», - деп мәлімдеді Райымбек Баталов.
Экономист Алмас Чукин Қазақстан экономикасындағы негізгі өзгерістер және салық реформасы аясында шағын және орта бизнес үшін алдағы қайта құрулар туралы айтты. Ол бюджет тапшылығы сияқты мәселелерді шешу үшін тиісті салық және инвестициялық құрылымдардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, спикер елдің бизнес саласын экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін көрегендік пен жүйелі өзгерістерге шақырды.
Өз кезегінде экономист Ораз Жандосов Қазақстанның қаржы жүйесінің дамуы туралы ой бөлісіп, оның банк дағдарысының басындағы табыстары мен зардаптарына тоқталды. Экономиканың болашағын болжаған Жандосов тұрақты өсу үшін көрсеткіштерді жақсартып, Қытаймен қарым-қатынасты нығайту керектігін атап өтті.
Негізгі панельдік пікірталасқа қоса, CFO Summit 2025 аясында Қазақстан дамуының негізгі мәселелері мен биік мақсаттарға жету жолдары туралы үш панельдік сессия ұйымдастырылды. Осы жылы қатысушыларға үздік тәжірибелер сессиялары ұсынылды. Онда жетекші сарапшылар бизнес-процестер мен стратегияларды жақсарту үшін өз компанияларында бейімделе алатын сәтті жағдайлармен бөлісті. C-mentoring аясында қатысушылар жетекші тәлімгерлермен тіл табысып, сарапшылардан жеке ұсыныстар алудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.
Менторлар ретінде қаржы, экономика және бизнес саласындағы беделді және белгілі сарапшылар болды. Дәлірек айтсақ, ҰКП Президиумының қаржы секторы Комитетінің төрағасы, Қазақстан қаржыгерлері Қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова, кәсіпкер Игорь Рябенький, саясаттанушы Досым Сәтбаев, Digital Business порталының тең құрылтайшысы және бас директоры Виталий Волянюк, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасы Алина Өтемісқызы және т.б.
Дәстүр бойынша, саммит соңында «қаржы секторы», «ірі және орта бизнес» және «шағын бизнес» үш номинация бойынша өткен «The Best CFO – 2025» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар Beeline Kazakhstan компаниясының бас қаржы директоры Гауһар Әділова, Лотте АҚ қаржы директоры Марат Нұрғазиев және RG Brands Kazakhstan қаржы директоры Тимур Жангужанов болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: