«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП Қытайдың Өнеркәсіптік Экономика Федерациясымен кездесті

2025 жылғы 24 Сәуір
481 просмотров

2025 жылғы 24 сәуірде Қытай Халық Республикасының Гуанчжоу қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Райымбек Баталов пен Қытай Өнеркәсіптік Экономика Федерациясының (CFIE) өкілдері арасында жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Қуаныш Амантай және ҚР Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының кеңесшісі Ғани Аманбаев қатысты.

Кездесу барысында инвестициялық саясат саласындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары және қазақстандық пен қытайлық өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары талқыланды. Тараптар Қазақстан аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға Қытай компанияларының қатысу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша 2025 жылғы 28–30 мамыр аралығында CFIE делегациясының Қазақстанға сапары жоспарланды. Делегация құрамында China Federation of Industrial Economics, Jiangxi Copper Corporation Limited, China State Farms Agribusiness Group Corporation Limited, China General Technology (Group) Corporation Limited, Anhui Jianghuai Automobile Group Corporation Limited және басқа да компаниялардың өкілдері болады деп күтілуде.

Анықтама үшін:

  •          Jiangxi Copper Corporation — катодты мыс өндіретін және мыс өнімдерінің кең спектрін ұсынатын жетекші компания.

  •          Anhui Jianghuai Automobile Group Corporation — жүк және жеңіл автомобильдерді әзірлеу, өндіру және сату циклін толық қамтитын кешенді автомобиль компаниясы.

  •          China Datang Corporation Limited — Қытайдағы ең ірі электр энергиясын жеткізуші.

Алдағы кездесудің тақырыптарының бірі — «Атамекен» ҰКП-ның халықаралық өнеркәсіптік және сауда альянсы BRICA-ға қатысуы туралы талқылау, сондай-ақ 2025 жылдың соңында өтетін Өнеркәсіптік интернет жөніндегі жаһандық конференцияға, Дүниежүзілік іскер көшбасшылар саммитіне және BRICA саммитіне қатысуға шақыру болады.

Еске сала кетейік, бүгінде CFIE құрамында 223 ұлттық қауымдастық бар және Қытайдың индустрияландыру үдерісін, технологиялық инновацияларды және өнеркәсіптік сектордағы жаңғыруды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.

BRICA альянсы 2016 жылы CFIE бастамасымен және Германия, Франция, Египет, Ресей, Моңғолия және басқа елдердің 21 өнеркәсіптік-сауда қауымдастығының қатысуымен құрылды. 2024 жылдың соңына қарай BRICA құрамына 30 ел мен аймақтан 34 қауымдастық мүше болып, корпоративтік мүшелер саны 2,3 миллионнан асты. Альянс 20-дан астам елде 30-дан астам ірі экономикалық және сауда іс-шараларын ұйымдастырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер