«Туризм алға жылжыды, ал инфрақұрылым ше?»: Қазақстандағы овертуризм мәселесі, салық жүйесі және кәсіпкерлердің үміті жөнінде Юлия Якупбаеваның пікірі
Қазақстан әлемдік туризм картасындағы орнын нығайта түскен сайын, кәсіпкерлер шамадан тыс жүктелген инфрақұрылым, ескірген форматтар және жүйелі қолдаудың жетіспеушілігі сияқты қиындықтарға тап болуда. Кәсіпкерлер қандай түйткілді мәселелерді алға тартып отыр және бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет қандай шаралар қабылдауы керек – осы жөнінде «Атамекен» ҰКП жанындағы Тұрақты даму және ESG кеңесінің төрайымы Юлия Якупбаева өз сұхбатында бөлісті.
- Юлия Константиновна, бүгінгі туризм саласының жағдайы қандай? Қазіргі нарықтағы негізгі мәселелерге тоқталып өтсеңіз?
- Бүгінде Қазақстанның туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл үрдіс ішкі және кірмелі туризмнің артуы есебінен орын алуда. Статистикалық мәлімет бойынша, өткен жылдың тек 10 айында Қазақстанға 13 миллион шетелдік келген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 миллион адамға артық. Сонымен қатар, туризм инвестициялар үшін барған сайын тартымды салаға айналуда. Салаға салынған инвестициялар көлемі 947,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 20,3%-ға артты.
Алайда, кез келген қарқынды дамып жатқан салада да мәселелер болатыны анық Бұрын біз қонақ үйлердің толмауын айтсақ, бүгінде керісінше, олардың жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Егер 10 жыл бұрын көптеген қазақстандықтар кейбір туристік бағыттар туралы білмесе, бүгінде біз овертуризм және инфрақұрылымға түсетін ауыр жүктеме жайлы айтып отырмыз.
Кәсіпкерлер палатасы ретінде біз бизнестің мәселелерін шешуге белсенді түрде атсалысып келеміз. Туризм саласы комитеті ұзақ жылдар бойы республикалық туризм қауымдастықтары мен мемлекеттік органдар арасындағы диалог алаңы ретінде жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда комитеттің жұмысы қайта ұйымдастырылып жатыр. Оның құрамына өңірлік туризм қауымдастықтарының жетекшілері кірді. Жақында комитет жұмысына жаңа бағыттар – мәдениет, спорт және креативті индустриялар қосылды. Бұл – біз үшін логикалық әрі уақытылы шешім, өйткені бұл салалар туристік өнімнің тартымдылығын арттырып, қосымша құндылық береді.
Бүгінде біз қандай мәселелерді көтеріп отырмыз? Ең алдымен, инфрақұрылым мәселесі. Азаматтардың мобильділігі артып келеді, алайда жолдар мен жол бойындағы инфрақұрылымды жаңғырту жоспары бұл үдеріске ілесе алмай келеді. Бюджет шектеулі жағдайда нақты басымдықтарды айқындау қажет. Біз бұл тұрғыда нарықтық деректерге негізделген тиімді түгендеу тетіктерін, соның ішінде өңірлер деңгейінде де ұсынуға дайынбыз.
Нарық пен инвесторларға дұрыс бағыт пен нақты талдау қажет. Мысалы, Қазақстанда климат – күрт континенталды, ал маусымдылықты ескерсек, жобалардың өзін-өзі ақтау мерзімі ұзаққа созылады. Сондықтан бұл салаға қолайлы қаржыландыру көздері өте қажет. Бұл демалыс бағасына да әсер етеді. Соңғы кезде демалыстың қымбаттығына байланысты сын пікірлер айтылып жүр.
Қазір сұранысқа ие жаңа бағыттардың бірі – жаяу жүргінші маршруттары. Адамдар жаңа орынға келіп, қаланы еркін аралап көргісі келеді, ол үшін цифрлық навигация қажет. Бұл – ыңғайлы, заманауи әрі әлемдік тәжірибеде кең тараған. Егер сіз қалада екі күннен артық болуды жоспарласаңыз, саябақтар мен жағалауларда серуендеу, музейлерге бару, жайлы кафеде демалу – барлығы да қызықты әрі маңызды. Аталмыш жайттар жергілікті тұрғындар мен бизнес-қауымдастық үшін де өзекті.
Әр өңірде өзіндік жаяу маршруттар желісі мен туристерді тартатын нүктелер қалыптасуы тиіс деп есептейміз. Өңірдің табиғи ғана емес, оқиғалық, гастрономиялық, өндірістік ерекшеліктеріне негізделген бірегей туристік өнімдер дамытылуы қажет. Тұрақты туризм ұғымының мәні де осы. Бұл бағытта біз сарапшылармен және Туризм және спорт министрлігімен бірлесе жұмыс істеп келеміз.
- Мемлекет пен бизнес арасындағы ең жақсы синергия қай салаларда болуы мүмкін? Туристік бизнесті тартымды және табысты ету үшін мемлекет қандай шараларды қолдануы керек?
- Осы жерде халықаралық туризм инфрақұрылымының белсенді дамуын атап өткен жөн. 99 елдің азаматтары үшін визасыз режим Қазақстанға баруды жеңілдетті.
Туризм индустриясының өсуі, сондай-ақ, туристік бағыт ретінде еліміздің тартымдылығының артуы әлемдік нарықта танылатын тұрақты брендті құру және ілгерілету шараларымен толықтырылуы тиіс. Келу мәдениетін қалыптастыру үшін жыл сайынғы ірі халықаралық іс-шараларды өткізу де әсер етеді.
Әрбір аймақ іс-шаралар күнтізбесін жасауды бастауы керек. Біз концерттер мен шоуларды жақсы насихаттаймыз, бірақ бос стадиондарда өтетін спорттық және жастар іс-шараларына мән берілуі тиіс. Бұл тұрғыда Ақтөбе мен Өскеменді үлгі етуге болады. Аталмыш мәселеде жергілікті атқарушы органның қолдауы қажет.
Креативті индустрия музейлер форматын өзгертуге көмектесе алады. Экспонаттар ескірген. Сондықтан бізге интерактивті элементтер, квесттер және жаңа иммерсивті формат қажет. Виртуалды экскурсиялар, қазақстандық контентті пайдаланатын спорттық қосымшалар, әлеуметтік желілердегі аттракциондарға шолулар бар цифрлық контентті дамыту қажет – мұның бәрі елдің танымалдылығын арттырары сөзсіз.
Туристік әлеуетті ашу үшін қолжетімді қаржыландыру және туристік өнімдерді жеделдету арқылы инновациялық және мақсатты маркетингтік стратегиялар қажет.
Одан бөлек, туристерге қызмет көрсету сапасын, жайлылық пен қауіпсіздікті арттыру бойынша жұмыс істеу керек. Бұл сіздің Қазақстанға сапарыңыз туралы жағымды әсер қалдырады және сізді қайтадан оралуға ынталандырады.
Ал бизнес бұл мәселелердің барлығын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жоғары деңгейде көтере алады. Ең өзекті мәселелер Премьер-Министрдің қарауына ұсынылып, 2024 жылы алғаш рет Мемлекет басшысының төрағалығымен туризм мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Бұл саланың ел дамуы үшін маңыздылығын дәлелдейтін өте маңызды прецедент.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: