«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағанды облысының аграрийлері қаржыландыруға қолжетімділік, цифрландыру және қолдау шараларын талқылады

2025 жылғы 02 Шілде
- Қарағанды облысы
605 просмотров

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында агроөнеркәсіптік кешен бойынша Салалық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері, жаңа қаржы құралдары, субсидиялау проблемалары және жабайы жануарлардың миграциясының егінге әсері талқыланды.

Кеңес төрағасы Игорь Жабяк отырысты аша отырып, бизнес, мемлекеттік органдар мен даму институттары арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.

«Даму» қорының аймақтық филиалының бас менеджері Құралай Әбілдина бизнеске көрсетілетін қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, «Кепілдік қоры – 1» бағдарламасы кепіл жеткіліксіз болған жағдайда соманың 85%-на дейін өтеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бағдарлама екінші деңгейлі бірқатар банктерде қолжетімді.

Сондай-ақ, жақын арада 12,3% (әлеуметтік жобалар үшін – 11,3%) жылдық мөлшерлемемен 200 млн теңгеге дейінгі несиелерді субсидиялау басталады деп күтілуде.

Қарағанды облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы директорының орынбасары Дәурен Меллятов агронесиелерге өтінім беруге арналған онлайн-платформаның іске қосылатынын хабарлады. Жаңа цифрлық сервис аграрийлерге құжаттарды онлайн тапсырып, өтінімдерді қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік береді. Платформаның толық іске қосылуы 15 шілдеге жоспарланған.

Агробизнес өкілдері несие мөлшерлемесінің жоғары екеніне алаңдаушылық білдірді. Қатысушылардың айтуынша, 22%-ға дейінгі қолданыстағы мөлшерлемелер инвестициялық жобаларды дамытуға мүмкіндік бермейді.

«Шағын және орта шаруашылықтар қолдау бағдарламаларынан тыс қалып отыр, ал ірі агроқұрылымдар жеңілдетілген жағдайларға қол жеткізе алады. Бұл салада әлеуметтік теңсіздік туғызып отыр», — деді «QAR-AGRO QOLDAU» ЖК басшысы Балғат Жүмкін.

 

Қатысушылар басым салалар тізімін кеңейтіп, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеуді енгізуді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кең ауқымы үшін жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кеңесте талқыланған маңызды мәселелердің бірі — киіктер миграциясынан келген залал болды. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс аумағында 30 мың гектардан астам егістік зақымданған.

«Фермерлер тікелей шығынға ұшырауда, бірақ өтемақы төлеудің нақты механизмі жоқ. Сақтандыру компаниялары бұл жағдайды сақтандыру оқиғасы ретінде мойындамайды, ал бюджет қаражаты жеткіліксіз», — деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Оьлыстық штаб құрылып, фото және бейнематериалдар жиналып, актілер рәсімделуде. Алайда қатысушылар барлық аудандар үшін бірыңғай нұсқаулық әзірлеу қажеттігін атап өтті, бұл залалды заңды түрде құжаттауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, киік популяциясын бақылау және олардың санын реттеу мәселесі Үкімет деңгейінде шешімдер аясында қаралуы тиіс екені айтылды.

Кеңес қорытындысы бойынша келесі ұсыныстар жасалды:

– фермерлерді қолжетімді цифрлық сервистер мен қолдау шаралары туралы ақпараттандыруды күшейту;

– басым салалар тізімін кеңейту мен жеңілдетілген несиелеу шарттарын республикалық деңгейде талқылау;

– Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жабайы жануарлар келтірген зиянды өтеу механизмін пысықтау;

– «Кең Дала» бағдарламасы шеңберіндегі құралдарды қоса алғанда, аграрийлердің қаржыландыруға қолжетімділігін жетілдіру жұмыстарын жалғастыру.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер