«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда кәсіпкерлерге франчайзинг мүмкіндіктері таныстырылды

2025 жылғы 27 Тамыз
- Атырау облысы
4467 просмотров

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Орталық Азия Франчайзинг Ассоциациясы (ОАФА) «Атамекен» ҰКП және Respublica партиясының қолдауымен бизнес қауымдастығымен кездесу ұйымдастырды.

Шара республикалық тур аясында өтіп, қазақстандық кәсіпкерлерге франчайзинг арқылы даму мен өсу мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталды.

Кездесу бағдарламасында бизнес диагностикасы, кеңею кезінде жиі кездесетін қателіктерді талдау және әлеуетті инвесторлармен кездесулер қарастырылған.

Қатысушылар тәжірибелік кеңестер алып, франчайзингтің табысты арттырып қана қоймай, компанияны халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік беретінін білді.

«Франчайзинг – кәсіпкерліктегі маңызды бағыттардың бірі. Жергілікті бизнестің жаңа деңгейге көтерілуіне көмектесу үшін, кәсіпкерлерді осы модельмен жұмыс істеуге үйрету қажет. Бүгінгі шара осы бағыттағы жұмыстың маңыздылығын айқын көрсетеді деп ойлаймын», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.

Кездесуге саладағы жетекші сарапшылар – ОАФА төрайымы, «Lanzhou» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майгарина және ОАФА төрағасының орынбасары, FranchDay компаниясының жетекшісі Сейсенғали Қалиақпаров спикер ретінде қатысты.

«Франчайзинг – бұл кассалық үзілістерді жабудың амалы емес, сәтті бизнес-модельдерді тиімді көшіру құралы. Күшті брендтер мен өнімдер бар, бірақ көпшілігінде оларды дұрыс масштабтаудың жолы белгісіз. Біз осы білім мен тәжірибемізбен бөлісуді қалаймыз», – деп атап өтті Гүлбану Майгарина өз сөзінде.

Кездесу барысында тур аясында өтіп жатқан «KazBrand» байқауына ерекше назар аударылды. Бұл байқау кәсіпкерлер үшін 7 миллион теңгеден басталатын құны бар «кілтпен берілетін» франшизаны, бір жылдық сарапшылар сүйемелдеуін, даму стратегиясын және ілгерілетуге қолдауды тегін алуға бірегей мүмкіндік. Байқауға тіркелу 5 қыркүйекке дейін ашық.

«KazBrand байқауы – сапалы өнімі бар, бірақ бизнесін жаңа деңгейге қалай шығару керегін білмейтін жас және бірнеше жыл жұмыс жасап келе жатқан кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Ең қуаныштысы – бірден 20 кәсіпкер бұл қолдауды тегін алады», – деген пікірін білдірді кездесу қатысушысы Гүлнәз Кәрімжан.

Айта кетейік, бұл кездесу бизнестің франчайзингті тұрақты өсудің бір тетігі ретінде қарастыруына жол ашты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174