«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағандылық аграршылар енді техниканы лизингке алу шешімін 10 минутта рәсімдей алады

2025 жылғы 08 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
353 просмотров

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелері талқыланды. Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесіұйымдастырылды. Сондай-ақ фермерлерге онлайн форматта техника лизингіне өтінім беріп, небәрі бірнеше минут ішінде шешім алуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис таныстырылды.

Кездесуге Қарағанды облысы әкімдігінің, Кәсіпкерлер палатасының және «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері, сондай-ақ аймақтың барлық аудандарынан қосылған шаруалар қатысты. Жаңа онлайн-платформа фермерлерге облыс орталығына келмей-ақ, қашықтан өтінім беруге мүмкіндік береді. Сервис мемлекеттік деректер базаларымен интеграцияланған, оның негізінде жасанды интеллект алгоритмдері жұмыс істейді. Осылайша, өтінім небәрі 10 минут ішінде қаралып, шешім шығарылады. Іс-шара барысында қатысушыларға жүйенің жұмыс тәртібі көрсетілді: фермер сол жерде өтінім беріп, бірнеше минут ішінде жауап алды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға сұраныс артып келеді, өз кезегінде компания фермерлер үшін өтінім беру процесін барынша ыңғайлы етуге тырысып жатыр.

«Биыл облыс фермерлері жалпы сомасы шамамен 19 млрд теңгеге өтінім берді. Оның ішінде 17 млрд теңгеге 600-ден астам техника рәсімделді. Клиенттеріміздің қағазбастылыққа уақыт жоғалтпай, өз жұмысына көңіл бөлуі үшін біз бірнеше рет пернені басу арқылы өтінім беруге және қысқа мерзімде шешім алуға мүмкіндік беретін онлайн-платформа енгіздік», –деді Еркебұлан Жұмжаев.

Сонымен қатар, цифрландыру барысында шалғай ауылдардағы интернеттің жетіспеушілігі, техникалық құрал-жабдық тапшылығы мен цифрлық сауаттылықтың төмендігі сияқты қиындықтар да бар екені айтылды. Осы кедергілерді еңсеру мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы мен Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім аясында Палата мамандары фермерлерге онлайн өтінім беру тәртібі бойынша кеңес беріп, құжаттарды жинауға және ақпараттық қолдауға көмектеседі.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов атап өткендей, Палата жанында ауыл шаруашылығы саласының мәселелері қаралатын және мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілетін АӨК жөніндегі кеңес жұмыс істейді. 

«Біз фермерлер мен кәсіпкерлерге өтінім беру жолдары бойынша кеңес беруге, қажетті құжаттар пакетін жинауға көмектесуге дайынбыз. Облыстың барлық ауданында Кәсіпкерлер палатасының филиалдары бар, олардан да кеңес алуға болады», – деді Ернар Күлпейісов.

Палата жанындағы АӨК жөніндегі кеңестөрағасы Игорь Жабяк техника бағасының күрт өсуіне назар аударды. 

«Танымал трактордың бағасы жарты жылда үш миллион теңгеге қымбаттады. Бұл ретте көктемде фермерлер 2024 жылғы техниканы жаңа бағамен сатып алған. Бұдан бағаны келісубелгілерін көріп отырмыз, осыған байланыстыашықтықты талап етуге міндеттіміз», – деді Игорь Жабяк.

Фермерлер техникаға сервистік қызмет көрсету шығындарының жоғары екенін де айтты – баға бір техника үшін 300 мың теңгеге дейінжетеді. 

«Дилер қызметінен бас тартсаң, кепілдіктен айырыласың. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің құқығын бұзу деп санаймыз. Антимонополиялық органмен бірлесіп жаңа ережелер қабылдауды ұсынамыз», – деді Игорь Жабяк.

«ҚазАгроҚаржы» өкілдері компания мемлекеттік қаражат операторы екенін және өндірушілердің баға саясатын қалыптастырмайтынын түсіндірді.

«Біз қаржыландыруды фермерлердің өтінімдері бойынша бөлеміз. Баға саясатын реттеу министрліктер мен жеткізушілердің қатысуын талап етеді», – деді «ҚазАгроҚаржы»АҚ өкілдері.

Қатысушылар 5% мөлшерлемемен берілетін лизинг бағдарламасының маңыздылығын атап өтті, алайда оның техника бағасының өсуіне ықпал етпеуге тиіс екені айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша бағаны және сервистік саясатты реттеу үшін тиісті органдарға және Парламентке ұсыныстар жолдау туралы шешім қабылданды.

Кездесу соңында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев Қарағанды облысының фермерлеріне жаңа техника кілттерін табыстады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174