Бос жатқан 7,5 млн гектар жер: Тоқаев тапсырмаларынан кейін аграршылар мен бизнес үшін не өзгереді
Қазақстанда 7,5 миллион гектар жер пайдаланылмай, бос жатыр. Бұл – жай ғана статистика емес, өндіріс, жұмыспен қамту және инвестициялар үшін қолдан жіберіп алған мүмкіндіктер.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен дүйсенбіде жариялаған жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында арнайы атап өтті.
«Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, жер ресурстарын ұтымды пайдалану тұрақты экономикалық өсудің негізі екенін айта отырып.
Еске сала кетсек, 2021 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарып алу және оларды беру туралы жергілікті атқарушы органдардың шешімдерін жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Алайда пайдаланылмай жатқан учаскелермен қатар, адал жұмыс істеп жүрген фермерлер де зардап шегіп отыр. «Атамекен» ҰКП бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, нәтижесінде кәсіпкерлердің үні ескерілді. Былтырғы Жолдауында да Мемлекет басшысы: «Егер жер пайдаланушы адал еңбек етіп, инвестиция салса, жұмыс істеп тұрған өндірісті жоюға болмайды», – деп атап өткен болатын.
«Бүгінде мәселе тек жерді қайтарып алуда емес, оны толыққанды әрі тиімді түрде экономикаға тартуда болып отыр. Әрбір гектар жұмыс істеуге, халық пен мемлекетке пайда әкелуге тиіс. Президент белгілеген жаңа тәсілдің мәні дәл осында.
7,5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанмен, әлі күнге дейін пайдаланылмай, шаруашылық айналымнан тыс қалып отыр. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының дамуы, жұмыс орындарын құру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту тұрғысынан жіберіп алған мүмкіндік», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.
Жолдауда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді әділ, ашық әрі тиімді түрде қайта бөлу керектігі атап өтілді. Бұл үшін барлық рәсімдерді электрондық конкурстар форматына көшіру және бұл тәртіпті 2025 жылдың соңына дейін заң жүзінде бекіту тапсырылды.
Сонымен қатар, әкімдіктерге 2026 жылдың ортасына дейін барлық қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты экономикалық айналымға енгізу міндеті жүктелді.
«Атамекен» ҰКП пайымынша, қайтарылған жерлерді айналымға қосудан бөлек, әкімдіктерге мемлекет меншігіндегі барлық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге түгендеу жүргізіп, тек қайтарылған жерлерді ғана емес, өзге де бос жатқан жерлерді электронды конкурсқа шығару қажет.
Мұндай тәсіл өңірлердің жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, фермерлер мен агробизнестің ресурстарға қолжетімділігін арттырады, сондай-ақ инвестиция тартуға, қайта өңдеуді дамытуға, жұмыспен қамту мен ауылдық аумақтардың дамуына ықпал етеді. Бұған қоса ауыл тұрғындарына мал жаю және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін қажет жерлерді сақтап, мүдделер теңгерімін қамтамасыз ету маңызды.
Бұл ретте мәселенің техникалық жағын да ұмытпау керек: әкімдіктер мен Цифрлық даму министрлігі бірлесе отырып, фермерлердің конкурсқа қатыса алуы үшін электронды жүйелердің, интернеттің тұрақты жұмысын және платформалардың қолжетімділігін қамтамасыз етуі қажет. Бұл фермерлер үшін техникалық кедергілер мен қолайсыздықтардың алдын алады.
Осы міндеттердің аясында цифрлық технологияларды енгізу ерекше маңызға ие.
«Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс», – деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Жер реформасын сәтті жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі – цифрландыру. Алайда адал фермерлердің құқығын бұзуға және бизнес-процестердің тұралауына жол бермеу үшін бұл жұмысқа мемлекеттік органдар ерекше жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Мәселен, космомониторинг алғаш енгізілген кезде жүйеде қателіктер тіркелген, ал заңнамалық тұрғыда фермерлерге егістік пен жайылым тарихын жазатын есеп кітаптарын жүргізу міндеттелген еді. Бұл талапты орындамаған жағдайда жерді қайтарып алуға себеп ретінде қолданылған. «Атамекен» ҰКП бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, нәтижесінде мұндай есеп жүргізу міндеті алынып тасталды.
«Қазір Қазақстанда цифрлық агротехникалық шешімдермен айналысатын компаниялар жұмыс істеп жатыр. Мысалы, отандық агротех-стартап – «Egistic» ЖШС ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштан мониторинг жүргізу жүйесін дамытып келеді. Жерді қашықтан зондтау технологиясының көмегімен фермерлер егістіктің жай-күйі, ылғал деңгейі, азот мөлшері және басқа да өлшемдер туралы деректерді осы уақыт режимінде алып отырады», – деді «Жерді қашықтықтан зондтау компанияларының қауымдастығы» ЗТБ Абзал Жамалов.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру кезінде жауапты мемлекеттік органдар жоғарыда аталған барлық мәселені ескеруге тиіс. Әйтпесе, жаңа өзгерістер фермерлерге қосымша ауыртпалық тудырып, оларға артық міндеттемелер жүктеуі мүмкін. Ал, фермерлер қазір онсыз да үлкен жүктемемен жұмыс істеп жүр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: