Республикалық «жол картасы» бойынша Павлодар облысында алты нарық жаңғыртудан өтеді
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында сауда нарықтарын жаңғырту мәселесіне арналған сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынды ӨКП директоры Ерканат Абенов жүргізді.
Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Даулен Қабдушев 2024 жылы республикалық «жол картасы» бекітілгенін атап өтті. Бұл құжатқа республика бойынша 100-ге жуық нысан енгізілген, соның ішінде Павлодар облысындағы алты нарық: Екібастұз қаласында – төрт, Павлодарда – екі. Сауда департаменті мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше рет жиын өткізген, оның ішінде аймақ әкімінің орынбасары, Сауда комитеті және Сауда және интеграция министрінің қатысуымен көшпелі кеңестер де болды.
«Заңда және ішкі сауда ережелерінде жаңғырту мерзімі белгіленген. Ол бізде 2025 жылдың соңына дейін қарастырылған. Жаңғыртудың басты бағыты – сауданы заманауи стационарлық форматқа көшіру, яғни көше мен контейнерлерден сауданы тоқтату», – деді ол.
Сонымен қатар, нарықтарды жаңғыртуға арналған бизнеске қолдау көрсетуге бөлінген қаражат таусылғанымен, қаржыландыруды қайта жаңарту мүмкіндігі бар екені айтылды. Дегенмен, Даулен Қабдушевтің пікірінше, мемлекеттік қолдаудың бұл құралы аясында көмек алғысы келген кәсіпкерлер оны алды.
«2025 жылы Павлодар облысында СИМ бағдарламасы бойынша жалпы көлемі төрт миллиард теңге болатын 40-тан астам жоба қарастырылған. Бұл – айтарлықтай ауқымды қаржыландыру», – деп толықтырды ол.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ерканат Абенов күн тәртібіндегі сауда нарықтарын жаңғырту мәселесі өте маңызды екенін атап өтті.
«Сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ оның аймақтағы департаменті бұл мәселенің сапалы іске асырылуына жауапты. Бұдан бөлек, аталған нарықтардың қызметін реттейтін басқа да мемлекеттік органдар бар», – деді Ерканат Абенов.
Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова ведомство бақылауында 13 азық-түлік нарығы бар екенін хабарлады: Павлодарда – сегіз, Екібастұзда – екі, Ақсуда – екі, Иртыш ауданында – бір.
«Нарық қызметкерлерінің міндетті медициналық тексеруден өту қажеттілігін атап өткім келеді. Барлық азық-түлік сатушыларын уақытылы медициналық тексерістен өтіп, жеке электронды медициналық кітапшасы болу керектігін ескерту қажет», – деді ол бизнес өкілдеріне.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: