«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағандыда кәсіпкерлер «Даму» қорына шағымданды: субсидиясыз несие және зауытты көшіру талабы

2025 жылғы 29 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
260 просмотров

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 101-ші отырысы өтті. Басты тақырып – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жұмысына қатысты бизнес өкілдерінің шағымдары болды.

Алдымен Балқаш қаласындағы «Salus Vita» ЖШС-нің өтініші қаралды. Компания 70 млн теңге көлемінде несие алып, медициналық орталық салуды жоспарлаған. Бағдарлама шарттарына сәйкес, «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемені субсидиялауы тиіс еді. Алайда субсидиялау шартына қол қойылмаған.

«Біз кепілдік беру туралы келісімге қол қойдық, бірақ банк пен қор тарапынан субсидиялау келісімі жасалған жоқ. Тоғыз айдан бері несиені толық мөлшерлемемен төлеуге мәжбүрміз – бұл ай сайын 1,6 млн теңгені құрайды. Льготалық жағдайда төлем 1,1 млн теңге болар еді», – деді кәсіпкер.

Қор өкілдері қаржылай қолдау қаражаттың қолжетімділігіне байланысты екенін түсіндірді. Қазіргі уақытта қаражат жеткіліксіз болғандықтан, осындай жағдай туындаған. Сонымен бірге, компанияға басқа бағдарлама аясында несиені қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Одан кейін «Адал 2010» ЖШС-нің өтініші талқыланды. Компания коммуналдық сыпырғыштар өндіретін зауыт ашуға 80 млн теңге инвестиция салып, Қытайдан жабдық әкеліп, Балқашта өндірістік алаң дайындаған. Алайда «Даму» қоры жобаны Нұр-Сұлтанда іске қосу қажет деп талап еткен.

«Біз бастапқыдан-ақ: ғимарат дайын, жағдай Балқашта тиімді екенін көрсеткенбіз. Бірақ қор зауытты астанада ашуды қатаң талап етті. Бұл біз үшін тым ауыр шығын – жалдау ақысы, электр қуаты, салықтар елордада бірнеше есе жоғары», – деді компания директоры Ердоc Науанов.

Бірнеше айлық хат алмасудан кейін және Кәсіпкерлер палатасы мен елорда әкімдігінің араласуымен мәселе шешімін тапты: жоба өңірлерде орналастыруға шектеу қоймайтын басқа бағдарламаға ауыстырылды.

«Төрт-бес ай бойы барлық инстанцияға жаздық. Тек Қарағанды палатасы жауап беріп, көмектесті. Қазір банкте қайта қаржыландырудың соңғы сатысынан өтудеміз. Көмекке рақмет», – деді Е. Науанов.

«Адал 2010» ісі кеңесте кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Геннадий Жмук формалды бұзушылықтар бизнестің дамуына кедергі болмауы тиіс екенін айтты.

«Иә, "Адал 2010" ісінде аумақтық сәйкессіздік болды. Бірақ қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері болған жоқ. Кәсіпкер сұранысқа ие өнім шығаруға дайын. Сондықтан мұндай жағдайда қор тығырыққа тіреудің орнына шешім іздеуі қажет», – деді ол.

Кеңес мүшелері де бизнесті қолдау диалог пен кәсіпкерлердің нақты мүмкіндіктерін ескеруге негізделуі тиіс екенін атап өтті. «Компания міндеттемелерін орындай алатын болса, тіпті кейінге қалдырумен болса да, төлем кестесін түзету қажет, бірақ жобаны тоқтатпау керек», – деген пікір айтылды.

Отырыста гранттарды қайтару және алаяқтық жағдайлары да жеке қаралды. Палата директорының орынбасары Азамат Даненбаев адал емес контрагенттердің әрекетінен зардап шеккен кәсіпкерлермен татуласу келісімдерін жасауды ұсынды.

Кеңес қорытындысында «Даму» қорымен, екінші деңгейлі банктермен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту ұсынылды. Қатысушылар даулы жағдайларда икемді көзқарас пен диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз істерді сотқа немесе прокуратураға жеткізуді құптамаймыз. Әрқашан ымыралы шешімдер іздейміз. Себебі басты мақсат – формализм емес, кәсіпкерлікті қолдау», – деп түйіндеді Геннадий Жмук.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174