Теміртауда сарапшылар жергілікті кәсіпкерлермен бірге салық заңнамасындағы өзгерістерді талқылады
Алдағы екі жыл бизнес үшін сынақ кезеңі болмақ, себебі жаңа жағдайларға бейімделуге, бухгалтерлік қолдауды күшейтуге және заңды түрде оңтайландыру жолдарын іздеуге тура келеді.
Бүгін, 30 қыркүйекте Теміртау қалалық Мәдениет сарайында кәсіпкерлерге арналған Салық мәселелері жөніндегі форум өтті. Кездесуге қала мен жақын маңдағы аудандардың кәсіпкерлері мен есепшілері жиналды. Аталмыш форумға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қатысты.
Оның айтуынша, мұндай алаңдар кәсіпкерлерге заңнамалық өзгерістерді жақсырақ түсініп, уақтылы дайындалуға көмектеседі.
Форумда жетекші сарапшылар сөз сөйледі.
Белгілі салық кеңесшісі Дмитрий Казанцев 2026 жылдан бастап Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер туралы айтып берді. Айжан Балакешова экономикалық қылмыстар мен салықтық тәуекелдер тақырыбын көтерсе, Анастасия Сечина салықтық тексерулер, ескертулер, олармен байланысты тәуекелдер мен бизнесті қорғау тактикасына тоқталды, ал Ульвия Касумова ҚҚС және жаңа жеңілдетілген жүйеге қатысты мәселелерді түсіндірді.
Кәсіпкерлердің басты назары алдағы өзгерістерге – ҚҚС негізгі мөлшерлемесінің 16%-ға дейін өсуі мен «оңайлатылған» режимді қолдануға қойылатын шектеулерге бағытталды.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда шамамен 200 мың компания жалпы режимге өтіп, ҚҚС төлеуге мәжбүр болады. Мамандардың айтуынша, алдағы екі жылда бизнеске жаңа жағдайларға бейімделіп, бухгалтерлік сүйемелдеуді күшейтуге және заң аясында оңтайландыру жолдарын іздеуге тура келеді.
Еске сала кетсек, шілдедеа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Салық кодексінде ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі ғана емес, әлеуметтік маңызы бар салалар үшін жеңілдік мөлшерлемелерін енгізу де көзделген.
Негізгі бағдарламадан кейін форум қатысушылары сарапшыларға өз сұрақтарын қойып, жеке кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп, өңір кәсіпкерлерінің қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: