«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда шағын және орта кәсіпкерліктегі брендті басқару мәселелері талқыланды

2025 жылғы 17 Қазан
- Түркістан облысы
141 просмотров

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Бренд ұғымы және Түркістан облысындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде брендті басқару» атты ғылыми семинар өтті.

Семинарды Экономика, қаржы және есеп кафедрасы мен Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасымен бірлесе өткізді. Бұл жиын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын ғылыми жоба (грант № AP19680610) аясында жүзеге асырылды.

Ғылыми семинардың мақсаты – өңірдегі кәсіпкерлер арасында бренд қалыптастырудың экономикалық және басқарушылық тетіктерін талқылап, шағын және орта бизнес субъектілерінің брендті тиімді басқару тәжірибесін дамыту болды.

Іс-шараны экономика ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Әзретбергенова ашып, брендтің бәсекеге қабілетті кәсіпорын қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті. Ол Түркістан облысындағы кәсіпорындарға нарықта өзіндік айқындама қалыптастырудың жолдарын түсіндірді.

PhD, қауымдастырылған профессор Азиза Сыздыкова «Бренд ұғымы және Түркістан облысындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде брендті басқару» тақырыбында баяндама жасап, аймақтық брендтің ғылыми-теориялық негіздеріне тоқталды.

PhD, қауымдастырылған профессор Жантөре Жетибаев Түркияның шағын және орта кәсіпорындарының бренд қалыптастыру тәжірибесін мысал етіп келтірсе, 4-курс студенті Бақытжан Азатбергенов өңір кәсіпорындарының күнделікті қызметінде кездесетін өзекті мәселелерге назар аударды.

Сондай-ақ, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің 1 санаттағы сарапшы Адель Русланқызы кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау құралдары мен «Бір ауыл — бір өнім» жобасы туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, бүгінде кәсіпкерлерге үш негізгі бағытта қолдау көрсетіледі:

400 АЕК көлеміндегі грант — жаңа бизнес бастағысы келетін азаматтарға арналған мүмкіндік.
2025 жылы бұл сома шамамен 1 572 000 теңгені құрайды. Грантқа жұмыссыз азаматтар, жаңа кәсіпкерлер (3 жылға дейін), көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар тұлғалар, сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасын аяқтағандар қатыса алады.
Бұл грант арқылы өңірде көптеген жастар тігін, кондитерлік және шаштараз саласында өз ісін ашып отыр.

5 миллион теңгеге дейінгі гранттар — тек әлеуметтік кәсіпкерлерге және «Бір ауыл — бір өнім» жобасының финалистеріне беріледі.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасы — әр ауылдың өзіндік ерекшелігі бар өнімін ұлттық брендке айналдыруға бағытталған бастама.
Мысалы, Түркістан облысында бал, қымыз, талқан, саз бұйымдары және тоқыма өнімдері аймақтық бренд ретінде танылып келеді.
Бұл жоба жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімін тек сату емес, сонымен бірге өңірдің имиджін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Семинар соңында қатысушылар әр ауыл өз өнімін сапалы брендке айналдырса және мемлекет ұсынған гранттарды тиімді пайдаланса, Түркістан облысы ұлттық брендтердің орталығына айналатынын атап өтті.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова:

«Бүгінгі семинар кәсіпкерлер мен ғалымдар арасындағы өзара байланысты нығайтудың нақты мысалы болды. “Бір ауыл — бір өнім” жобасы арқылы ауыл кәсіпкерлері өз өнімін брендке айналдырып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыра алады. Мұндай ғылыми-тәжірибелік кездесулер бизнестің жаңа деңгейге шығуына жол ашады» - деді.

 

Бұл семинар өңірдің ғылыми және кәсіпкерлік қауымдастығын біріктіріп, Түркістан облысында бренд мәдениетін дамытудың жаңа серпінін берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174