«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде кәсіпкерлер Ұлттық каталогқа көшудегі қиындықтарды атап өтті

2025 жылғы 27 Қараша
- Ақтөбе облысы
161 просмотров

Өңірлік палатада өткен индустрия салалық кеңесінің отырысында кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнес нақты коллапске тап болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі – міндетті түрде енгізілетін Ұлттық тауарлар каталогы (ҰТК). Ал оны енгізу үдерісі қазірдің өзінде шағымдар легін, техникалық ақауларды және өндірушілер тарапынан түсінбеушілікті тудыруда.

Кеңес төрағасы, «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева жаңа заң нормасы бір жарым айдан аз уақыт ішінде күшіне енетінін, алайда nct.kz платформасының «көз алдымызда істен шығып жатқанын» атап өтті.
Кәсіпкерлер тауарларды тіркей алмайды, жүйе қатып қалады, каталог толық емес, ал оны жүргізудің бірыңғай ережелері жоқ. Сонымен қатар жаңа талаптарды орындамаған жағдайда айыппұлдар қарастырылған.

— «Бұл ұсақ-түйек ақаулар туралы емес, сауда мен өндірістің парализацияға ұшырау қаупі туралы. Бизнес дайындалуға үлгермей жатыр. Осындай жағдайда Ұлттық каталогты міндетті енгізу экономикалық белсенділікке қауіп төндіреді», — деді Надежда Шабаева.

Отырыстың барлық қатысушылары енгізу мерзімін кем дегенде 2026 жылдың соңына дейін шегеруді бір ауыздан талап етті.

«НЭК Сервис» ЖШС директоры Виктория Исарова каталогта өлшем бірліктері қате көрсетілгенін, қайта жіктеу жүргізілмегенін, есеп және кассалық жүйелермен интеграция аяқталмағанын айтты.

— «Кәсіпкерлер платформаны тестілей де алмай отыр. Көптеген тауарлар жоқ, ал модерация апталап созылады. 1 қаңтардан кейін дүкендер мен өндіріс орындары қалай жұмыс істеуі керек?», — деді ол.

Ең алаңдатарлығы — шағын бизнестің басым бөлігі есеп жүйелерін шұғыл өзгертуге қажетті техникалық та да, қаржылық та ресурстарға ие емес.

«Исмаилова» ЖК басшысы микробизнестің заңнамалық өзгерістер қарқынына физикалық тұрғыда ілесе алмай отырғанын ашық айтты.

— «Бізде бухгалтерлер мен заңгерлер штаты жоқ. Әр жаңа заң — уақыт пен айыппұл қаупі. ҰТК — тағы бір ауыр да күрделі талап», — деді Нұрия Исмаилова.

«Стройдеталь» ЖШС директоры Сергей Симонов Ұлттық каталогтың қазіргі ұсынылған нұсқадағы қажеттілігіне күмән келтірді.

— «Өндірушілер жыл сайын өндіріс көлемін растайды. Енді қайтадан өзіңнің өндіруші екеніңді «дәлелдеуге» тиіссің? Қашан? Тығыз мерзімдер мен күрделі тіркеу жағдайында ма?», — деп атап өтті ол.

Кең номенклатурасы бар жүздеген кәсіпорын өнімдерін тіркеуге үлгермейді, дейді ол.

ҰТК-дан бөлек, кеңес барысында ТЖҚ мекемелерінде өндіріс орналастыру мәселесі де талқыланды.

Мұнда да мәселелер ұқсас — инфрақұрылым тозған, орын-жайлар жеткіліксіз, қолдау бойынша ешбір кепіл жоқ.

Бизнес өкілдері апатты жағдайдағы корпустарды бұзып, олардың орнына мемлекет есебінен жаңа өндірістік ғимараттар салуды; кәсіпкерлер мен сотталған жұмыскерлерге бірқатар салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босату мүмкіндігін; ТЖҚ базасында жұмыс істейтін кәсіпорындарға мемлекеттік тапсырыстың кепілді тетігін енгізуді ұсынды. Бұл шараларсыз пенитенциарлық жүйеге инвесторлар қызығушылық танытпайды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына ұсыныстар жолдады.

Атап айтқанда, Ұлттық тауарлар каталогы бойынша — міндетті енгізу мерзімін ұзарту, кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі, сондай-ақ платформаның толыққанды әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

ТЖҚ жүйесіндегі өндірістерді орналастыруға қатысты ұсыныстар — өндірістік аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту, бизнеске салықтық жеңілдіктер мен преференциялар беру мәселелерін қарастыру.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174