Қызылорда облысының тауар өндірушілері каталогы оқушыларға таныстырылды
Қызылорда қаласындағы Н. Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қызылорда облысының тауар өндірушілері каталогын таныстыру шарасы өтті.
.jpg)
Шара барысында Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Рахымбек Зейнуллин 10-сынып оқушыларына каталогты таныстырса, Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Гүлмира Альназарова болашақ маман иелеріне кәсіби бағдар берудің маңызын түсіндірді.
Өз сөзінде Гүлмира Альназарова мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті:
«Біз мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруде кешенді тәсіл қажет деп санаймыз. Бұл ретте бизнес өкілдері жастарға кәсіпкерліктің қалай дамып жатқанын, жұмыс берушілер тарапынан ең сұранысқа ие мамандықтардың қандай екенін, өңірлік деңгейде қандай жаңа өндірістер жұмыс істеп тұрғанын жақыннан таныстыруы маңызды. Каталогтың арқасында мектептердегі кәсіби бағдар беру жұмысы облысымыздағы еңбек нарығының нақты даму жағдайларына сүйенетін болады».
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен жарық көрген каталогқа бүгінде 250-ге жуық жергілікті тауар өндіруші енгізілген.
Каталог өңір кәсіпкерлерінің өндірістік әлеуетін танытуға бағытталған. Онда әртүрлі салада жұмыс істейтін кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, креативті индустрия және өзге де бағыттардағы өндіріс орындары туралы мәліметтер қамтылған. Басылыммен арнайы QR-код арқылы да танысуға мүмкіндік бар.
Үнемі жаңартылып отыратын каталогта өңірдегі өндіріс орындары мен ашылған жұмыс орындары көрсетіліп, жасөспірімдер мен талапкерлерге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беріледі.
Сонымен қатар каталог мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру құралы ретінде ұсынылады. Бұл бастама оқушылардың болашақ мамандық таңдауға деген қызығушылығын арттырып, өңірдегі еңбек нарығымен ерте танысуына мүмкіндік береді.
.jpg)
Айта кетейік, Қызылорда қаласында 2014 жылдан бері пилоттық режимде №9 мектеп-гимназиясында «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылып келеді. 5–10 сыныптарда жүргізілетін бұл жоба жылдар бойы өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеді. Нәтижесінде аталмыш білім беру ұйымында «Атамекен» мектеп компаниясы құрылып, 2017 жылы Токио қаласында өткен «JA Asia Pacific Company» халықаралық бағдарламасына қатысқан жалғыз қазақстандық команда атанды.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: