«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан кәсіпкерлері мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға қабылдауға дайын ба?

2019 жылғы 26 Қараша
- Түркістан облысы
11024 просмотров

Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер жиналып, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселесін талқылады

 Бас қосудың модераторы болып облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров сөз сөйлеп, 2019 жылдың 16 қарашасында  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Алихан Смаиловтың төрағалық етуімен Орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға беру жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға 133 мемлекеттік функцияларды алуға нарықтың дайындығына талдау жүргізуді және тиісті ақпаратты Ұлттық экономика министрлігіне жолдау тапсырылғандығын айтып өтті.

 «Қазіргі таңда мемлекетте еш ауыртпалықсыз бәсекелестік ортаға беретін функциялар өте көп. Мемлекеттік аппаратта жұмысшылардың шамадан тыс жүктемесі байқалады, соған байланысты жұмыс сапасы нашарлайды. Сонымен бірге, мемлекеттік функцияларды әрқашан өз саласында үлкен тәжірибесі бар кәсіби мамандар орындай бермейді. Мемлекеттік функцияларды бизнеске беру бірінші кезекте осы функциялардың сапасын арттыру болып табылады», – деп Дінмұхамед Әбсаттаров бас қосудың мақсатын айқындады.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда, ҚР Ұлттық экономика минситрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, үкіметтік емес ұйымдар мен ассоциялардың, бизнестің нарықта жаңа қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін кейбір мемлекеттік функцияларды алуға нарықтың дайындық деңгейін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 Жергілікті атқарушы органдар жанынан ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 70 бұйрығымен бекітілген Әдістемеге сәйкес, 133 функцияны жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілдерінен және бизнес-қауымдастықтан тұратын жұмыс тобы құрылуда.

 «Алайда, жұмыс тобының мүшелерін анықтамас бұрын, бизнес қабылдауға дайын функцияларды бөлектеп алу қажет деп санаймыз. Осыған байланысты бүгін біз бизнестің қандай нақты функцияларды қабылдауға дайын екендігін, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың осы функцияларды қаншалықты беруге немесе қалдыруға дайындықтарын білгіміз келеді», – деді директор сөзін жалғап.

 Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев егер Түркістан облысының бизнес субьектілері мен өзін-өзі реттейтін ұйымдары мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортада қабылдауға дайын болса, онда жергілікті атқарушы органдар оларға еш күмәнсіз мұндай функцияларды беруге дайын екенін жеткізді. 

          Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Махмұттың айтуынша, қазіргі уақытта бизнес ұсынылып отырған барлық функцияларды қабылдауға дайын емес. Олардың кейбіреулері, атап айтқанда бақылау және қадағалау функцияларды міндетті түрде мемлекет атқару керек, ал кейбіреулері бизнес пен өзін-өзі реттейтін ұйымдар үшін мүлдем тиімді емес.  

          Талқылаудың нәтижесінде жиналыс қатысушылары 10 күннің ішінде жұмыс тобы құрылып және оның мүшелері анықталады деген шешімге келді. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде бекітілген нұсқада кәсіпкерлік субъектілеріне берілген функциялар туралы ақпарат береді.

          Еске салайық, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдардың ұсынылатын функцияларына қызығушылығын анықтау үшін Палата бәсекелес ортаға ауысу үшін мемлекеттік функциялардың тізімін ұсынған болатын.

          Кез келген сұрақтар мен ұсыныстар туындаған жағдайда, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасына келулеріңізді сұраймыз. Мекен-жайы: Түркістан қаласы, Қожанов көшесі 42, байланыс телефоны 8-72533-5-98-98 , жауапты маман Каримбаев Н.С. (тел: 8-700-023-24-47, n.karimbaev@atameken.kz).

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер