«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан облысында елімізде алғаш рет "Кәсіпкерлік Қырандары" жобасы іске қосылды

2021 жылғы 26 Ақпан
- Түркістан облысы
10501 просмотров

Түркістан облысында “Атамекен” Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің қолдауымен және облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің қатысуымен елімізден алғаш рет бастауыш және кіші кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған "Кәсіпкерлік Қырандары" жобасы іске қосылды. Жобаны Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы мен әкімдік жүзеге асыруда.

Жобасының мақсаты Түркістан облысының ірі, орта кәсіпкерлерінің инвестицияларының және әкімдіктің инфроқұрылымдық, микроқаржылық көмегімен микробизнесті, стартаперлерді, "Бастау Бизнес" түлектерін нақты қолдау болып табылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында өткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесуінде айтылған ұсынысы өңірлік кеңестің белді мүшелері Қ. Абасовтың, Н. Әбішевтың, С. Арапбаев, А. Ахметов, С. Ертаев, Т. Мұратов, И. Намазбаева, М. Рисметов, Б. Серманизов сынды ірі кәсіпкерлеріміз тарапынан қолдау тапты.

«Кәсіпкерлік Қырандары» жобасының тұсаукесерінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осы жобаның инвесторларына жас кәсіпкерлеріне  менторлық қолдау көрсету мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, кез келген өңір экономикасының негізгі драйвері ретінде шағын және орта бизнестің ерекше рөлін атап өтті.

Сонымен қатар, өңір басшысы стартаперлерді, жас кәсіпкерлердің жобаларын және әлеуметтік жобаларды қолдау бойынша соңғы 2 жылда қабылданған шараларға егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Атап айтқанда, "Жас Кәсіпкер" бағдарламасы, көп балалы аналарға арналған "Кәсіпкер Ана" бағдарламасы, Арыс қаласының кәсіпкерлеріне арналған "Қамқор" бағдарламасы іске қосылды, оның аясында 1% жеңілдікпен несиелендіру жүзеге асырылды.

Кездесуде қатысушылар инвестиция және менторлар үшін күресте өздерінің бизнес-идеяларын таныстырды.

Атап айтсақ, инвесторларға өңдеу өнеркәсібі, тамақ және ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және туризм салаларындағы 60-қа жуық әлеуетті жобалар таныстырылды. Нәтижесінде инвесторлар мен қатысушылар арасында 98 млн.теңге инвестиция сомасына бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы 9 меморандум жасалды.

Қорытындылай келе, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков бүгінгі таныстырылған жоба форматы – стартап кәсіпкерлері үшін өз кәсібін дамытуға мүмкіндік беретін трамплин іспеттес екендігін жеткізді.

«Енді жас кәсіпкерлердің бизнесте жіберілетін біршама қателіктер мен шығындардың болмауына  көмек көрсететін, алдыңғы қатардағы, өздеріне жол нұсқаушы ретінде «Бизнес Қырандары» болмақ. Кәсібін жаңа бастаушы азаматтарға стимул беретін, жігерлендіретін бірегей жобаның өзіміздің өңірден бастау алғанына қуаныштымын және бұл жоба басқа да өңірлерде және алдағы уақытта өз жалғасын табады деген үміттеміз»,-деп атап өтті Палата басшысы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер