«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан облысында «Атамекен» атын жамылып қаражат ұсынған алаяқтардың ісімен полиция айналысуда

2021 жылғы 17 Маусым
- Түркістан облысы
10320 просмотров

Биылғы жылы «Атамекен» атын жамылып, грант, несие, жәрдемақы немесе «Бастау» жобасына ақылы тіркеп беру, сертификат аперу секілді алдау жолдарын үнемі өзгертіп отыратын алаяқтар көптеп кездесуде.

Мұндай жағдайдың бірі Сайрам ауданында орын алып отыр. Аудандағы мектеп мұғалімдеріне жәрдемақы тағайындап беремін деп, мұғалімдердің ақшалары мен жеке мәліметтерін растайтын құжаттарының көшірмелерін алып, несие рәсәмделген жәйт анықталған.

Осы орайда Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Полиция департаментімен бірлесіп Өңірлік коммуникациялар алаңында арнайы брифинг өткізді.

 «Тұрғындарда Кәсіпкерлер палатасы қаражат береді деген түсінік қалыптасқан. Бұл қате пікір. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қаражат алу тетіктерін көрсетіп, жобаларын сүйемелдеумен айналысады және барлық қызметтер – ақысыз негізде көрсетіледі. Алаяқтар алдау схемасын үнемі өзгертіп отырады. Олар халықтың сеніміне кіру үшін Палатаның мекенжайын айтып, бас кеңсеге де шақыра бастаған», - деп атап өтті брифингте сөз алған Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Тілеубекова.

Сонымен қатар, осы жылы «Бастау Бизнес» жобасына өтінім қабылдау басталған кезде алаяқтар тұрғындарға грант ұтқанын және оның ақшасын жіберу үшін банктегі есепшоты мен жеке деректері керегін айтқан. Я болмаса ақшаны «Қазпошта» арқылы жібереміз дей отырып, «жеңімпаздың» барлық жеке дерегін білуге тырысқан.

«Кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға курс ұсынып, бизнес-жобасын сүйемелдеуге көмектеседі. Ал грант бөлу кәсіпкерлер палатасының құзыретіне кірмейді және комиссияның қарауымен конкурстық негізде жүргізіледі. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз немесе сізге қаражат, сертификат алуға немесе "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша оқуға ақылы негізде өз қызметтерін ұсынатын бейтаныс адамдардан қоңыраулар келіп түссе бірден Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінуіңізді сұраймыз", - деді спикер.

Брифингке қатысқан әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмазхан Тастанбековтың айтуынша, Сайрам ауданында болған алаяқтық фактісі бойынша тергеушілер ҚР ҚК 190-бабы "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық" бойынша СДТБТ-ға тіркелді, қазір тергеу жүргізілуде.

«Елімізде пандемия салдарынан көп қызметтер онлайн жүйеге көшкендігі белгілі. Алаяқтар осыны пайдалануда. Салдарынан биылғы жылы мұндай жағдайлар көп кезедесуде. Жуырда грант алу бойынша алаяқтарға алданған Сарыағаш ауданы тұрғындарынан да арыз келіп түсті. Алаяқтардың құрығына түспеу үшін, бөтен адамдарға жеке деректеріңізді бермеулеріңізді сұраймыз», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Осындай жағдайлар көбейгеннен кейін «Атамекен» барлық мәліметті құқыққорғау органдарына жіберген.

Сондықтан, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс тұрғындарын сақ болып, бөгде адамдарға  жеке деректеріңізді бермеулеріңізді сұрайды. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, бірден құқыққорғау органдарына, сонымен қатар ҰКП бірыңғай байланыс орталығы 1432 хабарласуларыңызды сұраймыз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер