«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер хостелдерде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы тиіс

2023 жылғы 12 Желтоқсан
- Түркістан облысы
8333 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында қалалық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп «Өрт қауіпсіздігі және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуге қала аумағындағы кәсіпкерлік нысан иелері қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.

Түркістан қаласы аумағында төтенше жағдайлар алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері, облыстық «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты еріктілері және қалалық газ инспекциясы мамандарымен бірлесіп «Жатақхана» профилактикалық рейдтік іс-шарасы атқарылды. 10 жатақхана, 22 хостел әкімшілігіне үгіт-насихат, жатақхана студенттері мен хостел қонақтарына өрт қауіпсіздігін алу мен оқыс оқиғаны болдырмау бойынша профилактикалық жұмыстары ұйымдастырылды.

«Конституциямыздың ең бірінші бабында көрсетілгендей мемлекетіміздің ең басты құндылығы адам өмірі және бостандығы деліген. Сондықтан қонақ үйлеріңізге келген әрбір адамның өмірі сіздер үшін аманат болып табылады. Облыс орталығындағы қонақ үйлерді аралау барысында асхана бөлмесінде пропан газ баллондарын қолдану жағдайлары анықталды. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді назарға ала отырып аталған нысандардың әкімшілігі олқылықтарды жоюға барынша көңіл бөлуі тиіс»,- деді Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Арман Алпысбаев.

Жиында алдағы жаңа жылдық мереке қарсаңында өтетін мерекелік іс-шараларда тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, эвакуациялық шығу есіктері (белгілері), алғашқы өрт сөндіру құрылғылары қарастырылу керектігі ескертілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер