«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Арыстық отбасы мемлекеттік қолдаумен ұлттық қолөнерді кәсіп етіп отыр

2024 жылғы 16 Ақпан
- Түркістан облысы
7881 просмотров

Арыс қаласы, Ақдала елді мекенінде тұратын Есенқұловтардың шаңырағы ұлттық қолөнерді кәсіп етіп, шағын шеберхана ашқан. Отбасылық кәсіпті қолға алған Алмагүл Шереханқызы мен Нартай Есенқұлов 2020 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен 555 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болған. Басында тек жүн өндірумен айналысса, кейіннен ерлер мен әйелдерге және балаларға арналған ұлттық нақыштағы киімдерді тіккен.

«Анамның жанында жүріп қой қырқып, жүн сабап, ұршық иіріп, киіз басып, алаша тоқып өстім. Үлкен ұлым Ерболат отбасылық кәсібімізді ағаш өңдеумен толықтырып, ыдыс-аяқ және ұлттық аспаптар жасай бастады. Ол да кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік грант иегері атанып, екінші шеберхана аштық. Ал кіші ұлым Ердәулет Түркия елінде былғарыдан бұйым жасауды үйреніп келіп, бізді де сол кәсіпке баулыды. Қазір былғарымен айналысып жатқанымызға үш жылдай уақыт болды. Сонымен қатар, былтыр 900-ге жуық үміткердің арасынан жеңімпаз атанып, 5 млн. теңгелік гранттың арқасында былғарыдан кебіс, аяқ киім түрлерін тігуде де қолға алдық. Одан бөлек, кенжеміз суда сурет салу, сазбалшықтан бұйым жасау секілді өнерді үйреніп жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттарды да іске асырамыз. Жалпы өнімдерімізге деген сұраныс өте жоғары», - дейді шебер ана.

Алмагүл Шереханқызының сөзінше, ол бірнеше жыл бұрын шаштараз ашып, әлі күнге дейін оқушылардың шашын қиюмен айналысады. Одан бөлек, қыз ұзату, бесік той, тұсаукесер секілді тойларды 14 жылдан бері басқарып келеді. Сонымен қатар, бүгінде 6 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Қосымша жұмыс күшін тарту үшін мансап орталығы ұсынатын «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» сынды бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер