«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасы: жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу мәселелері өзекті болып тұр

2024 жылғы 21 Мамыр
- Шымкент қаласы
6259 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модераторлығымен өткен жиынға Палата басшылығы, кеңес мүшелері, қалалық прокуратураның, қалалық әкімдіктің сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының жетекшілері қатысты.

Кеңесте кәсіпкерлер үшін өзекті тақырып – жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу мәселелері қаралды. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаеваның айтуынша, бұл мәселе қазіргі таңда өзекті болып тұр. Палатаға түсетін арыз-шағымның жартысына жуығы осы салаға қатысты болып тұр.

«Осыған байланысты Кеңестің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлер палатасы Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ұсынған ақпаратты жинап, жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу рәсімдеріне талдау жүргізді. Бірнеше азаматтық істі зерделеу нәтижелері бойынша, негізінен, жер учаскесі иесінің сол учаскені бағалау нәтижесімен келіспеуіне байланысты мәселенің сотта қаралуына қала әкімдігі бастамашылық ететіні анықталды, яғни, сотқа дейінгі келісу рәсімі өткізілмейді. Ал ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңында даулы мәселелерді келісім комиссиясының алаңында қарау көзделген, бұл сот органдарына жүктемені едәуір төмендетіп, мемлекет мұқтажына алу рәсімін жеделдетер еді. Мысалы, 2021-2024 жылдардағы азаматтық істерді зерделеу нәтижесінде анықталғаны, өтемақы төлей отырып жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу бойынша азаматтық істердегі арыз-шағымдардың барлығы дерлік қанағаттандырылатыны, бұл ретте төлемақы 10-20%-ға артық төленеді. Өтемақы мөлшері нақты нарықтық бағаны айқындау бойынша жүргізілген сот сараптамасының нәтижесінде көбейеді», – деді Майя Исаева.

Палата директоры орынбасарының айтуынша, бұл мүліктің нарықтық құнын анықтау рәсімі тиісті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетеді. Майя Исаева, сондай-ақ, азаматтық істерді зерделеу кезінде жер учаскелері ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңында көзделген алу рәсімі өткізілгенге дейін мемлекеттік мұқтажы үшін алынған фактілері анықталғанын атап өтті. Палатада бұған дейін осыған ұқсас жағдайлар бойынша өтініш қаралған және бұл жолы тағы бір кәсіпкер Палатадан көмек сұрап отыр.

Кеңес мүшелері егер тиісті басқармалар даулы мәселелерді келісім комиссиясының алаңдарында талқылау практикасын қолданса, сотқа шағым азаяр еді деген пікір білдірді.

Жиынға қатысқан Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев мұндай мәселелер өтемақы шешімімен келіспейтін тұлғаларға қатысты туындайтынын жеткізді.

Омир Калыбаев

«Баяндамада айтылған мәселелерге келер болсақ. Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасы бойынша 100-ге жуық жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу мәселесі толық шешілген. 37 нысанның ішінде төрт-бесеуі ғана өтемақымен келіспей, сотқа жүгінген. Сот шешімімен қосымша сараптама тағайндалды, екі нысанның бағасына 2-3 млн теңге қосылды. Дегенмен, соттың шешімімен есеп-шоттарына ақша аударылса да иелері келіспей, үйлерінен шықпай қойды. Осыған байланысты сот орындаушылармен барып, сот шешімі орындалды», – деді Өмір Қалыбаев.

Жиында Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Нұрланұлы мұндай мәселелердің қалада аз емес екеніне тоқталды.

«Мысалы, Арғынбеков көшесі 2014 жылы пайдалануға берілді. Ал осы уақытқа дейін сол жолдың бойында он жыл бойы мемлекеттік мұқтажға алынбаған жер учаскелері бар деген мәлімет бар. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан мемлекет мұқтажына жер учаскелерін алу мәселесін жүйеге қою керек, ол үшін тиісті басқармалар арнайы іс-шаралар жоспарын түзуі керек», – деді Нұржан Нұрланұлы.

Нуржан Нурланулы

«Жуырда қала әкімдігі аппаратынан тапсырма берілді. Енді тиісті басқармалардан жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алуға қатысты барлық мәселе талқыланып, қарауға ұсынылады. Оған қоса тиісті жер учаскелеріне ревизия жасап жатырмыз», – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев.

Жиын соңында Мелес Сейтжановтың төрағалығымен Кеңес мүшелері:

- тиісті басқармаға мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскелерінің меншік иелерімен өзара іс-қимыл жасау не келіспеушіліктер туындаған кезде келісу комиссияларының алаңында талқылау мүмкіндігінің болуын түсіндіруді;

- Кеңесте қаралған мәселелерді қарау үшін әкімдік басқармаларымен тиімді өзара іс-әрекет ету бойынша қала әкімімен кездесу ұйымдастыруды;

- сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына келісім комиссиясының құрамына Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының өкілін, Палата жанындағы Өңірлік кеңес мүшелерін қосуды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер