«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Премьер-министр СҚО бизнес өкілдерімен Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді талқылады

2025 жылғы 14 Ақпан
- Солтүстік Қазақстан облысы
3025 просмотров

Бүгін Петропавлда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді талқылауға арналған Солтүстік Қазақстан облысының бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесуі өтті.

Іс-шараға 60-қа жуық ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері мен өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, ШОБ, микробизнес және жеке кәсіпкерлер қатысты. Кездесу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 ақпанда Астанада айтқан салық саясатын қалыптастыру кезінде кәсіпкерлердің пікірін есепке алуды іске асыра отырып, бизнес пен Үкімет арасындағы салық саясаты және экономикалық даму мәселелері бойынша ашық диалог алаңына айналды.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов кездесудің басты мақсаты – салық-бюджет реформасына қатысты тәсілдерді жан-жақты талқылау, сондай-ақ қоғамда пікірталас тудырып отырған сұрақтарға жауап беру екенін айтты. Үкімет басшысы салық жүйесіндегі кез келген өзгерістердің, ең алдымен бизнеске қатысы барын, алайда мемлекет тұрақты инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге мүдделі екенін жеткізді.

«Қазіргі уақытта бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет. Осыған дейін даму бюджетінің деңгейі төмен болды. Салық мөлшерлемелерін төмендету және көптеген жеңілдіктерді енгізу туралы бұрын қабылданған шешімдер мемлекеттік шығыстардың кірістерден айтарлықтай асып түсетін бюджеттің теңгерімсіздігіне әкелді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бюджетті теңдестірудің сценарийлері шектеулі. Оның бір нұсқасы – Ұлттық қорды тапшылықты жабуға пайдалану, бірақ бұл тәсіл оның тез түгесілуіне алып келеді. Балама жол – әлеуметтік шығыстарды қысқарту, олар мемлекеттік бюджеттің 60%-ын құрайды. Дегенмен, Премьер-министр атап өткендей, Қазақстан әлеуметтік мемлекет және өз міндеттемелерін орындайтын болады.

«Оңтайлы нұсқа – бюджеттің кіріс бөлігімен жұмыс істеу, яғни салық мөлшерлемелерін түзету және салық режимдерін қайта қарау» деген Олжас Бектенов Үкімет осы тәсілді ұстанатынын атап өтті.  Алдағы өзгерістер теңгерімді бюджетке қол жеткізіп, елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтады деп күтілуде.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов Президенттің экономиканың барлық салаларына салықтық өзгерістердің әсерін мұқият талдау тапсырмасын еске салды. Ол бизнестің барлық түрлері үшін әділ салық салудың маңыздылығын атап өтті.

«Бизнес өкілдері өз алаңдаушылығын білдірді, өз ұсыныстарын айтты. Біз барлық сала сараланған мөлшерлемені қалайтынын көріп отырмыз. Бұл кез-келген бизнес түрінен айқын көрінеді, сондықтан, әрине, бұл – қиын міндет. Мұнда өте мұқият ойлану керек. Біз қазір жұмыс тобы аясында барлық өңірлермен – Ұлттық палата экономика, қаржы министрліктерімен бірлесіп аса маңызды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз қазір жай ғана ұсыныстарды жинап отырған жоқпыз, басты мәселе эмоция емес, басты мәселе – есебін шығару. Қазір біз Экономика институтымен, экономика министрлігімен есептеп жатырмыз. Соңғы бір-екі аптада біз бәрін қорытындылаймыз деп ойлаймын», - деді Райымбек Баталов.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин кездесуге қатысушыларға салық және бюджет реформасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, сараланған ҚҚС мөлшерлемесі: 16% - базалық, 10% - жекелеген салалар үшін  және 0% - АӨК үшін, сондай-ақ бірқатар арнайы салық режимдерін реформалау және ҚҚС бойынша есепке алу шегін төмендету туралы хабардар етті. 

«Өздеріңіз білетіндей, ҚҚС – республикалық бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. Оны 16%-ға дейін арттыру және саралау бюджеттің құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және басым мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін біз ҚҚС-тан босатуды ұсынамыз. Бүгінде шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді – біз оны сақтап қаламыз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші – заңды тұлғалар 30% ҚҚС төлейтін, енді олар бұл салықты төлемеуге құқылы болады. Осылайша, елде өндірілген барлық өнімдер бәсекеге қабілетті болады. Денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген 10% мөлшерлемені ұсынамыз, нақты кімге қолданылатыны әлі де талқылауды қажет етеді. Қазір біз ұсыныстар жинап, сарапшылармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп шешім қабылдаймыз», - деді Азамат Амрин.

СҚО ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер: ҚҚС-тан толық босату және 0% арасында айырмашылық бар!

Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің атынан «Солтүстік құс фабрикасы» ЖШС құс фабрикасының бас директоры, СҚО кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев сөз сөйледі. Атап айтқанда, ол ҚҚС мөлшерлемесін көтеру қажеттілігіне тоқталды, бірақ соңғы шешімді қабылдамас бұрын Үкімет ескеруі керек бірнеше маңызды мәселеге назар аударды. Мәселен, ол сұраныстың төмендеуін және экономикалық өсудің тежелуін болдырмау, сондай-ақ бизнестің адал жұмысын ынталандыру үшін мөлшерлемені мұқият есептеу қажеттігін атап өтті.

Өңірлік кеңес төрағасы ҚҚС-тан толық босату мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 0% болу арасында айырмашылық барын атап өтті.  Кәсіпкердің пікірінше, ҚҚС-тан босату өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін бүкіл тізбекте қолданылған жағдайда ғана тиімді болады. Әйтпесе, фермерлердің шығындары артып, өнімнің өзіндік құны артады, ал бөлшек саудаға импорт қолайлы.  Бірақ мөлшерлемені нөлге айналдыру бұл проблемаларды болдырмайды.

«Өндіріс құралдарын негізгі жеткізушілер қосылған құн салығын төлеушілер болып табылады. Қосылған құн салығынан босату, егер бұл шара өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбек бойынша қолданылса және кәсіпкерлік субъектісіне емес, тауарлар номенклатуралық тобына қолданылса ғана оң әсер етеді. Бұл жерде бұл мәселені жан-жақты қарастыру маңызды», - деді Сергей Домаев.

Сондай-ақ, ол агроөнеркәсіп кешендері, әсіресе өндіріс құралдары мен инвестициялық жобаларды іске асыру бөлігінде  импорт кезіндегі ҚҚС мәселесін көтерді.

«Бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіптік кешендеріне өндірістің импорттық құралдары, атап айтқанда: импорттық техника, өсімдіктерді қорғау құралдары, қосалқы бөлшектер, тұқымдар, ауылшаруашылық жануарлары, инкубациялық жұмыртқаға және т.б. қажеттілік басым екендігіне назар аударғым келеді.. Бұрын бірқатар тауарлар мен жабдықтарға ҚҚС есепке алу әдісімен төленген, осыған байланысты жаңа жағдайларда қалай төленеді деген сұрақ туындайды. Осы аспектілердің барлығы өнімнің өзіндік құнына, тиісінше біздің азаматтар үшін түпкілікті бағаға әсер етеді»- деді кәсіпкер.

Қорытындылай келе, СҚО кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев аграршыларға жеңілдіктерді сақтай отырып, ҚҚС төлеуші бола ма, жоқ па, соны өздері таңдауға мүмкіндік беруді ұсынды.  Ол сондай-ақ Үкіметтен экспорт кезінде ҚҚС қайтаруды қарастыруды сұрады.

Премьер-министр ҚР ҰЭМ-ге аталған ұсынысты жан-жақты пысықтауды және ауыл шаруашылығы өнімін, сондай-ақ ӘМАТ тауарларын салықтық әкімшілендіру мәселелерін ескеруді тапсырды.

СҚО өнеркәсіп өкілдері: 10% ҚҚС немесе АЭА шарттары

Өз кезегінде С.М. Киров атындағы «Зауыт» АҚ Бас директоры Алмас Нұрмағамбетов ҚҚС-тың өсуі өндіріске кері әсерін тигізіп, Қытай мен Ресей тауарларымен салыстырғанда өнімнің бағасын көтеріп, оның бәсекеге қабілеттілігін әлсіретуі мүмкін деген алаңдаушылығын білдірді.

                

Алмас Нұрмағамбетов салық реформасына қатысты өнеркәсіп саласындағы отандық тауар өндірушілер үшін 10% мөлшерінде аралық мөлшерлемені белгілеу туралы ұсыныс айтты.

Премьер-министр өз сөзінде жаңа Салық кодексінің жобасында қосылған құны жоғары өнім өндіруді ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар бар екенін атап өтті. Қолдаудың негізгі құралдарының бірі өңдеу өндірістері, оның ішінде электрондық және өнеркәсіптік өнімдер үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін төмендету болып саналады.

Бөлшек салық болған, болады және бола береді

Шағын және орта бизнес өкілдері атынан «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова сөз сөйледі. Ол кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен әйелдер бизнесін, әсіресе ауылдық жерлерде көптеген бизнес субъектілерінің жабылу қаупі туралы мәселе көтерді.

«Бір ауыл-бір өнім» жобасы кооперация мен кәсіпкерлікті қолдау арқылы ауыл азаматтары табысының өсуіне ықпал етеді. Жобаға қатысушылар маркетинг және брендинг бойынша тренингтен өтіп, өнім сапасының жақсаруына және жаңа нарықтарға, соның ішінде маркетплейстер мен дүкендерге шығуға әкелді. Алайда, ҚҚС шегінің 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендеуі алғашқы табыстарын көре бастаған БАБӨ жобасына қатысушылардың кәсібін жабылу қаупі туындауы мүмкін деген алаңдаушылық туғызады. Шын мәнінде, жылына 15 миллион деген не? Бұл айына 1,2 млн. түсім. ҚҚС мөлшерлемесін саралау ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер арасында, әсіресе әлеуметтік бағдарланған бизнесте жұмыс істейтін әйелдер арасында алаңдаушылық туғызады», - деді Әсел Есжанова.

Премьер-министр 4 пайыздық бөлшек сауда салығы мәселесін түсіндірді, ол әрі қарай қолданылады. Мысалы, үй маңындағы дүкендерге 16% ҚҚС салынбайды, олар бөлшек сауда салығын төлеуді жалғастырады; ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, бөлшек сауда салығы бойынша В2С базалық мөлшерлеме 4%-ды құрайды. Бөлшек сауда режимі өз атауына сәйкес болуы керек.

«Ешкім сізді бұл жеңілдіктерден айыра алмайды. Нақты түсінік болуы керек», - деді Олжас Бектенов.

«Радуга» ЖШС директоры Дмитрий Шарапаев та салықты саралау шараларына қатысты ұсыныстарын айтты.

«АӨК секторымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға бағытталған кәсіпорындар бөлінуі тиіс және ҚҚС төлеуден босатылуы шарт. Бұл бизнестің осы секторын экономикалық жағынан тартымды етуге мүмкіндік береді. Қайталама шикізатты пайдаланатын кәсіпорындар үшін ҚҚС мөлшерлемесін төмендету. Керісінше, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін импорттық және премиум тауарларға ҚҚС мөлшерлемесін арттыру керек», - деді Дмитрий Шарапаев.

Премьер-министр ҚР ҰЭМ-ге мүдделі мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп, ұсынысты жан-жақты зерделеуді тапсырды, өйткені бұл бағыт елімізде баяу қарқынмен дамып келеді.

Өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкер Әлия Башеева импорттық шикізатқа салық салу тақырыбын көтерді. Шетелде дайын түрде сатып алынған тауарларды өз өнімі ретінде сататын жалған кәсіпорындарға қатысты маңызды мәселені қозғады. 

Премьер-министр Олжас Бектенов заң жобасы Парламент қарауында екенін жеткізді. Ол бұл заңның қабылдануы мәселенің ауқымын айтарлықтай төмендетуге көмектесетініне сенім білдіріп, импорттық шикізатқа салық салу мәселесін жауапты министрліктер одан әрі пысықтайтынын алға тартты.

Өз кезегінде «Зенченко и К» серіктесінің басшысы Геннадий Зенченко ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ҚҚС мөлшерлемелері бойынша түпкілікті шешім қабылдау кезінде бизнес пен сарапшылардың пікірлерін ескерудің маңыздылығын атап өтті. Ол АӨК өкілдері үшін тиімді жолды таңдауды негіздеу үшін әртүрлі ҚҚС мөлшерлемелерін қолданудың салдарын көрсететін нақты есептеулер жүргізу керектігін айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, келіп түскен барлық ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.  

«Келесі аптада біз Салық кодексіне өзгерістер енгізіп, Парламентке кіруіміз керек, әрі қарай талқылау Мәжіліс алаңында жалғасады. Менің ойымша, онда бизнес-қауымдастық аса белсенді түрде қатысады. Үкімет ретінде біздің мүддеміз – ешкімді көлеңкеге түсірмейтін, салық ауыртпалығын салмайтын, мемлекетке белгілі бір қаржылық өтімділік бере отырып, бизнестің дамуына мүмкіндік беретін, сайып келгенде, теңдестірілген, салмақты шешім қабылдау», - деп түйіндеді Олжас Бектенов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер