«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №15 мекемесінде өндірістік кешен салынып жатыр: кәсіпкерлер қызығушылық танытуда

2025 жылғы 16 Қыркүйек
- Атырау облысы
199 просмотров

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №15 мекемесінің аумағында жаңа үлгідегі модульдік ғимараттардан тұратын заманауи өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба жеке кәсіпкерлердің қатысуымен өндіріс орындарын ашуға және сотталғандарды жұмыспен қамтуға бағытталған.

Қазіргі уақытта жалпы ауданы 880 шаршы метрді құрайтын екі өндірістік ангардың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған нысандарды пайдалануға беру осы жылдың қыркүйек айының соңына жоспарланып отыр.

Жаңа өндірістік нысандар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі: электр жарығы, жылыту жүйесі, желдету, бейнебақылау, өртке қарсы және дабыл беру жүйелері орнатылған. Әр ғимаратта металл шкафтар мен сөрелер қарастырылған, бұл өндірістік жұмыстарды бірден бастауға мүмкіндік береді.

Жеке кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында мекеме аумағында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған облыстық прокуратурасының, ҚАЖ департаментінің, мекеме әкімшілігінің, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының, «Еңбек-Батыс» РМК филиалының және өңірдің ірі кәсіпкерлерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге УИС мекемесінде өндіріс ашудың негізгі артықшылықтары таныстырылды — төмен жалдау ақысы, жұмыс күші тапшылығының болмауы және мемлекеттік қолдау.

«Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы ҚАЖ мекемелерінің аумағында өндіріс орындарын ашуға кәсіпкерлерді белсенді түрде тартуда. Бұл бастаманы біз жергілікті бизнесті дамытудың тиімді жолы және сотталғандарды әлеуметтік бейімдеуге ықпал ететін маңызды құрал ретінде қарастырамыз», — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Қуанғали Қожантаев.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар кәсіпкерлер ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, «Едиге Декор» ЖШС және «Төлеуов» ЖК құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін мекеме аумағында өз өндірістерін ашуға дайын екенін растады.

Бұл бастама сотталғандарды әлеуметтендіруге және өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған тиімді қадам ретінде бағаланып отыр.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174