«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» мен Chevron Қазақстандағы инвестициялар үшін жаңа басым бағыттарды талқылады

2025 жылғы 02 Қазан
723 просмотров

«Атамекен» ҰКП-да Chevron Direct Investment Fund LTD компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар стратегиялық ынтымақтастық бағыттарын талқылап, бірлескен жобаларды дамытуда мақсатқа шоғырланған тәсілді күшейту қажеттіне назар аударды. Бұл отандық бизнес үшін Қордың инвестициялық жобаларына қатысуға қосымша мүмкіндіктер мен халықаралық технологияларға қолжетімділікті ашады.

ҚР ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов бүгінде экспорттық әлеуеті күшті және қосылған құны жоғары салаларға назар аудару маңызды екенін атап өтті.

«Өңдеу өнеркәсібі, энергетика, сервис және аграрлық сектордағы басымдықтармен нақты стратегияларды белгілеу дұрыс болар еді. Біз үшін ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықтарда да әсері болатын жобаларды қолдап, стратегиялармен бөлісу маңызды», – деді ҰКП басшысы.

Оның айтуынша, бірлескен жобалардың негізгі критерийлері – экспорттық әлеует, технологияларды трансфертеу және ішкі нарықтағы құндылықтар үлесінің жоғары болуы.

Өз кезегінде Chevron реинвестициялық жобалар менеджері Джон Дорфилд компанияның Қазақстандағы инвестицияларға деген көзқарасын қайта қарастырып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, басты назарды елдің батыс өңіріндегі бизнес пен мұнай-газ және мұнайхимия салаларындағы компанияларға аудару жоспарлануда.

«Жобалардың Қазақстанның ішкі жалпы өнімін арттыруға қызмет ететініне сенімді болғымыз келеді. Сондықтан негізгі назар мұнайхимияға, өнеркәсіп пен қосылған құн мен жаңа экспорттық мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін сервис компанияларға бағытталады», – деді Дорфилд.

Тараптар консультацияларды кеңейту және қолдауға ие болу мүмкіндігі жоғары «маңызды және қызықты жобаларды» іріктеу механизмдерін әзірлеу туралы келісті.

Сонымен қатар, ҰКП өкілдері Қордың Қадағалау кеңесіне «Атамекен» өкілдерінің кіруін ұсынды. Бұл тек батыс өңірінің ғана емес, бүкіл ел кәсіпкерлерінің мүддесін ескеруге, сондай-ақ бастамаларды кеңірек қамтып, тек Батысқа шоғырланудың тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, «Шеврон» компаниясының ағымдағы міндеттемелерінің құны – 248,5 млн доллар.

Анықтама үшін: Chevron Direct Investment Fund Ltd. (CDIF) – 2021 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығында (AIFC) тіркелген жеке компания. Бұл – Chevron корпорациясының Қазақстан экономикасын қолдау үшін құрылған инвестициялық құралы. Қор өндіріс, мұнай-газ секторы, экологиялық жобалар және ақпараттық технологиялар сияқты түрлі салалардағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жергілікті кәсіпорындарға инвестиция салады (жарғылық капитал 49%-ға дейін). Негізгі мақсаттар – жергілікті бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құру, технологияларды трансфертеу және Қазақстан экономикасын қолдау.

Бекітілген механизмге сәйкес кәсіпкерлердің өтініштері www.cdif.kz онлайн платформасы арқылы Қордың басқарушы компаниясына түседі. Ол критерийлер негізінде алғашқы іріктеуді жүргізіп, әрі қарай ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жібереді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174